Павлодарда Мұғалімдер күніне арналған «Өнегелі өмірім» мерекесі өтті
Павлодар облысында құрамына 2200 педагог кіретін 300-дей мұғалімдер әулеті бар. Қалада өткен мерекелік шараға осындай 15 әулеттің өкілдері қатысты.
Жалпы еңбек өтілдері 184 жылды құрайтын Манейлер әулеті мұғалімдікке адалдықтың жарқын бір үлгісі десе болады - әулеттің барлық педагогтары Ақтоғай ауданының білім ошақтарында жұмыс істейді. Отағасы Рахмет Маней 42 жыл бойы мұғалім болған кісі. Оның екі ұлы мен алты қызы да бала оқыту ісін жалғастыруда, ал немерелері Үмбетбек пен Саяжан да жоғары оқу орындарын тәмамдағаннан кейін ата ісін жалғастырмақ.
Ал шарбақтылық Дәуеновтар әулетінің жалпы еңбек өтілі - 200 жылға жуық. Отағасы Бекен Дәуенов -майдангер, соғыстан кейін бірнеше ондаған жыл бойы мектепте жұмыс істеген және мамандығын балалары мен немерелеріне аманат еткен азамат. Білім беру жүйесінде ол кісінің үш ұлы, бір қызы, төрт немересі қызмет етеді.
Оқушылар сарайына жиналған студенттер, оқушылар, педагогтар мен ардагерлер мұғалімдер әулеттерінің тағдырлары туралы әңгімелерді ерекше ықыласпен тыңдады.