Павлодарда өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан бес адам қаза болған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда жылу маусымы басталғалы 5 адам қайтыс болған. Төтенше жағдайлар қызметкерлері адамдардың өліміне көбіне өрт қауіпсіздігін сақтамау себеп болатынын айтады.

Биыл күзде Павлодар облысында өрт қауіпсіздігін дұрыс сақтамау салдарынан бес бірдей адам көз жұмды. Өрт сөндірушілер марқұмдардың екеуін жанып кеткен үйдің ішінен тапса, тағы үшеуі пештен бөлінген улы газға тұншығып өлген.
- Өңірге қатты аяздар әлі жете қойған жоқ. Соған қарамастан адамдар пешті дұрыс пайдаланбаудың құрбанына айналып жатыр. Ақтоғай ауданының Мүткенов және Шарбақты ауданының Малиновка ауылдарында үйден шыққан өрттен екі адам қайтыс болды. Ал Павлодар ауданының Черноярка және Заря елді мекендерінде иіс тиген үш адам қаза болды. Үйлерінде пеш жағатын тұрғындардың кейбірі қауіпсіздік талаптарын ескермейді. Өкінішке қарай, оның соңы қайғылы жағдайларға апарып соқтыруы мүмкін, - дейді Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Қолданыстағы заңнама бойынша төтенше жағдайлар қызметкерлері жер үйлер секторына тексеру жүргізуге, ұйғарымдар беруге құқылы емес. Тек профилактикалық жұмыстар ғана жүргізе алады. Сондықтан қауіпсіздік талаптары үй иелерінің өз жауапкершіліктерінде қала бермек.
Еске сала кетейік, Павлодарда 34 жасар әйел иіс тиіп көз жұмды.