Павлодарда өрт кезінде баланы құтқарып қалған сегізінші сынып оқушысы марапатталды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардың ауылдық аймағындағы Ленинский кентінің №33 мектебінде ондағы 8-сынып оқушысы Зейнеп Қабылбекке ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар бойынша комитетінің Алғыс хаты мен сыйлыққа планшет табысталды. Бұл батыл қыз өрт кезінде 4 жасар баланы жалынға оранған пәтерден алып шыққан.
Естеріңізге сала кетейік, бұл оқиға ағымдағы жылдың 20 ақпанында орын алған. Көрші үйден шыққан түтінді байқаған Зейнеп көп ойланбай өрт сөндіру қызметіне хабарласып, өрт туралы айтты. Одан кейін жалынға оранған ғимаратқа жақындады. Жабық пәтердің ішінде қалып, оның кіреберіс есігін соққан 4 жасар баланың дауысы естілді. Есікті аша алған оқушы қыз баланы сыртқа шығарып, үйіне апарды да, оған сүт берді.
Апаттар медицинасы орталығының бригадасы баланы облыстық балалар ауруханасының соматикалық бөліміне жеткізді. Дәрігерлердің пікірінше, балаға уақытылы көрсетілген көмектің арқасында оған иіс тию салдарынан болған зардаптарды азайта алды.
Павлодар облыстық ТЖД-нің «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары» ММ-нің бастығы, өртке қарсы қызметтің полковнигі Асқар Әлбеков мектеп оқушысының өрт кезінде баланы құтқаруда танытқан кәсіби әрі сауатты әрекеттерін атап өтті, деп хабарлады облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметінен.