Павлодарда салынып жатқан мектеп құрылысы биыл аяқталмайтыны белгілі болды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыс орталығында бой көтеріп жатқан №47 білім ұясы әуелі қыркүйек айында, одан соң жыл аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Алайда құрылыстың биыл тапсырылмайтыны анықталып отыр.
Гагарин көшесіндегі 600 орындық жаңа мектептің құрылысы былтыр басталған. Құрылыс Мақпалеев атындағы орта мектептің аумағында жүргізіліп жатыр. Алғашқыда биылғы 1 қыркүйекте ашылады деп жоспарланған білім ұясының құрылысы жыл соңына шегерілді. Өңірлік құрылыс басқармасы қазіргі уақытта ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарында аздап кемшіліктер кездесіп отырғанын, тұтастай алғанда құрылыс-монтаждау жұмыстары толықтай аяқталғанын хабарлады.

- Құрылыс орнына тұрақты барып, жұмыс барысын тексерудеміз. Ішкі әрлеу жұмысындағы кемшіліктер жойылып жатыр. Қазір жиһаздар да орналастырылып жатыр. Анықталған ұсақ кемшіліктер толық жойылған соң техникалық актіге қол қойып, ғимаратты білім беру басқармасының құзырына өткіземіз, - дейді құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұрат.

Билік өкілдері жаңа білім ұясы жыл соңына дейін толық тапсырылмайтынын айтады. Сондықтан оны іске қосу келер жылға шегеріледі.
Еске сала кетейік, биыл 1 қыркүйекте Павлодарда 1200 оқушыға арналған қазақ мектебі ашылды.