Павлодарда шенеуніктер тротуарға қажет материалдарды үш есе көп қылып көрсеткен
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алуларға жүргізілген талдау барысында Орталық скверді жөндеуді жоспарлау кезінде заң бұзушылықтарды анықтады.
Белгілі болғандай, Орталық скверді жөндеуді жоспарлау барысында сметалық құжаттамаға көлемі 25 мың шаршы метрден асатын тротуар плиталарын төсеу жұмыстары, сондай-ақ құны 368 млн теңгеден асатын дәл осындай көлемдегі бетон плиталарын сатып алу енгізілген.
- Бұл ретте сквердің жалпы аумағы шамамен 25 мың шаршы метр және оның құрамына көгалдар, жасыл желектер, ағаштар мен төсеуге жатпайтын ашық топырақ учаскелері кіреді. Жүргізілген өлшеулер нәтижесінде тротуар плиталарына нақты қажеттілік 9 мың шаршы метрден аспайтыны анықталды. Осылайша, жобада көзделген жұмыс көлемі мен материалдар нақты қажеттіліктен едәуір асып кеткен. Бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу қаупін тудырған, - деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылып, кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Бұған дейін Екібастұзда прокурорлар ауыл шаруашылығы жерлерінің заңсыз берілуінің жолын кескен болатын.