Павлодарда шөп теңдерінің жәрмеңкесі басталды

Олардың алғашқыларының бірінде жемшөп дайындаушылар қала маңындағы және облыс орталығындағы жеке шаруашылықтардың иелеріне 500 центнерден астам шөп сатты.
Шашыранды шөптің бір тоннасының бағасы 10 мың теңгеге дейін жетеді. Салмағы 300 келіге дейінгі бумаланған шөптің бір данасы төрт мың теңге, 30 келіге дейінгі тең - 250-300 теңге тұрады.
Азықты дайындаушыларға шілде-тамыз айларында арзандатылған дизельдік отынның алты мың тоннасы бөлінді, бір литр үшін бағасы - 70 теңге. Бұл ретте тауар өндірушілер ауылдық округ әкімдерімен шөпті бір тоннасы үшін 10 мың теңгеден асырмай сату келісіміне қол қойды.
Қазіргі кезде аймақта дала шөбінің 51 пайызынан астамы шабылды, қысқа қажетті 55 пайыз шөп, 20 пайыз пішендеме дайындалды.
Қырлық жерлердегі орташа өнімділік бір гектардан 3-4 центнерді құрайды, Ертіс алқабында - 7-8 центнер, Екібастұз және Ақтоғай ауданының көлтабандарында - бір гектардан 14-15 центнер.
Жергілікті әкімдіктердің мамандары алқапта пайдаланылмайтын жерлерді анықтап, шөп шабу науқанына белсенді қатысып жүрген пішен дайындаушыларға шабындықтарды бөліп беруде.