Павлодарда су желісін жөндеу кезінде топырақ опырылып, екі адам мерт болды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласында су құбырларын жөндеу кезінде топырақ құлап, қазылған шұңқырдағы бірнеше адамды басып қалған. Өкінішке қарай, олардың екеуі қаза болғаны анықталды.

м
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

112 пультіне жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде топырақ құлағаны туралы хабарлама түскен. Опырылған жердің тереңдігі шамамен 6 метр болған.

жұмысшы
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

- Оқиға орнына шұғыл түрде төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Құтқарушылар жеткенге дейін кәсіпорын жұмысшылары бір адамды сыртқа шығарып алған. Біздің мамандар топырақ астынан тағы екі зардап шегушіні аман алып шықты. Тағы екі адамның мүрдесі анықталып, олардың денесін жоғарыға көтерді, - деп хабарлады өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінен.

Зардап шеккен жұмысшыларды Апаттар медицинасы орталығының бригадасы қарап, кейіннен ауруханаға жатқызу үшін жедел медициналық көмек бригадаларына тапсырған.

в
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға Солтүстік өнеркәсіп аумағында, су құбырын жөндеу кезінде болған.

п
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

- Еңбекті қорғау ережелерін бұзу дерегі бойынша полиция тарапынан сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы мен себебі тергеу барысында анықталатын болады, - деп мәлімдеді полициядан.

Еске сала кетейік, ШҚО-да жылыту маусымында өрттен 20-дан астам адам көз жұмды.