Павлодарда «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығындағы «Jailau» фермерлік базарында бұл күні жергілікті өндірушілер табиғи азық өнімдерін сатып қана қоймай, қайта өңделетін қаптамаларды насихаттады.
Палводар қаласындағы ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне Железин, Тереңкөл, Павлодар, Шарбақты аудандары және Павлодар қаласының өндірушілері қатысты.

— Апта сайын өтетін жәрмеңке бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Мұнда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарының кең ассортименттегі балғын әрі сапалы өнімдері сатылып жатыр. Бұған дейін жергілікті тұрғындар сауда орнына келгенде экологияны қолдау мақсатында өздерімен бірге эко-шопперлер алып келуін, сондай-ақ биоыдырайтын немесе қайта өңделетін қаптамаларды пайдалануды сұраған едік. Мұндай жәрмеңкелер Екібастұз бен Ақсу қалаларында, сондай-ақ облыстың 10 ауданында ұйымдастырылуда, — деп атап өтті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қайта өңдеуді және кооперацияны дамыту бөлімінің бас маманы Татьяна Нагула.
Кәсіпкер Константин Белоусов Успен ауданынан келіпті. Айтуынша, иелігіндегі шағын шаруашылық күнбағыс дәнін суықтай сығып, табиғи таза өнім шығарады. Рафинадталған күнбағыс майындай емес, бұл май — табиғи өлшемдері толықтай сақталатын сапалы экологиялық өнім.

— Ең бастысы тұрғындар таза өнімді тұтынуы керек. Таза азық-түлік тұтынған адамның жан дүниесі де таза болады. Екіншіден, айналамыздың таза болуы біздің іс-әрекетімізге байланысты. Базардағы жұмысымыз аяқталған соң тұрған орнымызды тазартып, барлығын жуып, сүртіп кетеміз. Әрі сауда жасау барысында да сөрелеріміздің мұнтаздай болуын қадағалаймыз. Тұтынушылар бұған да мән береді, — дейді ол.
Павлодар қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Ілияс Алтыбаев бүгінгі сауда жәрмеңкесінің соңы сатушылар үшін шағын сенбілікке ұласатынын жеткізді.

— Жабық ғирамат ішінде тұрғандар, даладағы жартылай ашық павильонда өз өнімдерін саудалайтындар түстен кейін жәрмеңке аяқталған соң айналасын жиыстырып, қалдық өнімдерді арнайы контейнерге апарып салады. Ет өнімдері сатылатын жерлер зарарсыздандырылады, — дейді бөлім өкілі.
Көкөніс сатып алу кезегінде тұрған Андрей Рублев есімді қария бұл күні қолына өңделетін қалташа ұстап келіпті. Айтуынша, шүберектен жасалған қапшықтарды тәуір көреді. Полиэтилен пакеттер сияқты емес, оны жуып, қайтадан пайдалануға болады. Әрі экологиялық жағынан қауіпсіз, қоршаған ортаға тастасаң ыдырап кетеді.

Айтып өтуіміз керек, «Jailau» фермерлік базары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егістіктен — сөреге дейін» қағидасын жүзеге асыру аясында 2022 жылы ашылған болатын. Мұнда заманға сай базар ғимараттары, азық-түлік қоймасы және далада сауда павильондары орналасқан. Әр сенбі сайын өңірдегі шаруашылықтар жиналып, жәрмеңке өткізеді. Ал жабық базардың өзі аптаның 6 күнінде жұмыс істеп, тұтынушыларға азық-түлік тауарларын жергілікті нарықтағыдан 15-20 пайызға арзанға сатады.

Бүгінде мұнда картоп — 115-125 теңге, жылқы мен сиыр етінің килограмы — 3100 теңге, сәбіз — 115-130, қияр мен қызанақ 1000 теңгеден сатылып жатыр. Алдағы уақытта оңтүстіктен жаңа піскен өнімдер жеткізіле бастауына орай азық өнімдерінің ассортименті одан әрі кеңей түседі.

Еске сала кетейік, Президент Таза Қазақстанның түпкі мәні қоғамдық сананы жаңғырту екенін атап өткен болатын.