Павлодарда «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» 2 мыңнан астам салымшысы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша пәтер алуға дайын

ПАВЛОДАР. 4 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметінен.

Павлодарда «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» 2 мыңнан астам салымшысы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша пәтер алуға дайын

Павлодар облысында «Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ желісі бойынша баспана құрылысы 2011 жылы басталды. Осы кезеңде Павлодарда жалпы ауданы 12,6 мың шаршы метр (215 пәтер) болатын үш тұрғын үй пайдалануға берілді. 2013 жылы жалпы ауданы 49,2 мың шаршы метрден астам жеті ғимарат немесе 792 пәтер салынуда. Соның ішінде төрт тұрғын үйдің құрылысын осы жылы аяқтау және 2014 жылы пайдалануға берілетін қалған 396 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын жалғастыру жоспарлануда.

Өңір басшысы кездесу барысында банктің 2014-2015 жылдарға қарастырған қаржыландыру көлемі 2 млрд. 150 млн. теңгені құрайтынын атап айтты. Бұл қаражат 500 пәтердің құрылысына жетеді, бұл өңір үшін жеткіліксіз - алдағы жылы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» 1293 салымшысы, 2015 жылы - 1572 адам пәтер алуға дайын.

Жергілікті биліктің әрі қарай да осы бағдарламаның іске асырылуына қолдау көрсететінін баса айтып, «Павлодар облысы халқының «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына қызығушылығы зор. Біз оның ойдағыдай іске асырылуына өте мүдделіміз», - деді Е.Арын.