Павлодарда ұрылар бір жылда 163 млн теңгенің мүлкін қолды еткен

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жалпы жыл басынан пәтер тонаудың 66 дерегі тіркелсе, оның 50-ін полицейлер ізін суытпай ашқан.

сейф кража ұрлық
Фото: Kazinform

Арнайы талдаулар пәтер ұрлығы көбіне жазғы уақытта жасалатынын көрсетіп отыр. Сондай-ақ қылмыс жағдайларының 70%-ы күндізгі уақытта, яғни үй иелері болмаған кезеңде өрбиді. Пәтер ұрлығының шамамен 30%-ы бір тәулік ішінде ашылады. Тонаушылар көбіне ақшаны, алтын зергерлік бұйымдарды, цифрлық және тұрмыстық техникаларды алып кетеді.

- 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыс аумағында пәтер ұрлығының 66 дерегі тіркелді. Оның ішінде 50 қылмыс ашылды. Жасалған қылмыстар салдарынан тұрғындарға келтірілген жалпы материалдық шығын - 163 миллион теңге болды, - деп хабарлады өңірлік полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров Kazinform тілшісіне.

Пәтер ұрлығы ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сараланады. Яғни ұрлық жасап ұсталғандарға 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Түрмеге қамалған жағдайда дүние-мүлкі тәркіленеді.

- Кейінгі 3 жылда облыс аумағында пәтер ұрлығының төмендеу динамикасы байқалады. Мәселен, 2023 жылы – 111, 2024 жылы – 82, биыл 66 дерек тіркелді. Яғни қылмыстық деректер 40%-ға азайған, - дейді Балғабай Қапаров.

Тәртіп сақшылары пәтеріңізді тонаушылардан қорғаудың ең қарапайым жолы – сақтық шараларын күшейту екенін айтады. Үйден шықпас бұрын сыртқы есіктердің, терезелердің және балконның жабық екенін тексеріңіз. Есікке екі немесе одан да көп құлып орнатқаныңыз абзал. Кілттерді өзгелер үшін қолжетімді болатын жерге қалдырмаңыз. Терезелерге, жеке үйлердің балкондарына темір тор қойып, үй ішіне мүмкіндігінше қауіпсіздік дабылы мен қауіпсіздік камераларын орнату да маңызды.

Еске сала кетейік, Петропавл тұрғыны зергерлік шеберхананы тонап, артынан өрт қойған

Соңғы жаңалықтар