17:45, 08 Желтоқсан 2012 | GMT +5
Павлодарда волейболдан Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасында ел чемпионатының 2-ші туры басталды
АЛМАТЫ. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Павлодарда 8-15 желтоқсан күндері волейболдан Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасында ХХІ Қазақстан чемпионатының 2-ші туры өтеді.

Ол Өскеменнің «Шығыс-Қорғасын Құрылыс» пен Оралдың «Конденсат» командалары арасындағы ойынмен ашылады. Одан кейін атыраулықтар мен қызылжарлықтар («Есіл»), хромтаулықтар («ТНК Қазхром») мен павлодарлықтар кездеседі.
Қазір бірінші турдың қорытындысы бойынша турнир кестесінде 14 ұпаймен «Алматы» мен «Атырау» қатар келе жатыр. Одан кейінгі орындарда «Павлодар» (11 ұпай), «ТНКҚазхром» ( 10 ұпай), «Конденсат» (8 ұпай), «Есіл» (6 ұпай) және қоржыны бос келе жатқан «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» жайғасқан.
ҚР Волейбол федерациясының талабы бойынша 31 желтоқсанға дейін командалар қосымша ойыншылар тізімін толықтыруға мүмкіндігі бар. Ал олардың жаңа маусымдағы толық құрамы қаңтар айында мақұлданатын болады.