Павлодарда зейнеткерді өз үйінің кіреберісінде тонап кетті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Күдікті әжейдің 190 мың теңгесі бар әмияны салынған пакетті тартып алып қашып кеткен. Оның бұл әрекеті подъезд ішіндегі камераға түсіп қалды.

зейнеткерді тонап кетті
Фото: Видеодан алынған кадр

Павлодарлық зейнеткердің қомақты ақша салынған әмиянын тал түсте ер адам тартып әкеткен. Оқиға Академик Сәтбаев көшесі, 243-үйдің подъезінде өрбіген. Бейнежазбадан байқалғандай, подъезд ішінде тұрған ер азамат әжеймен бірге лифтіге кіреді. Ал бірнеше секундтан кейін лифттен қолында пакеті бар қаскүнем жүгіре басып шығады.

- Полиция тонау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қылмыскердің "олжасы" - 190 мың теңге салынған әмияны бар пакет. Тонау сәті кіреберісте орнатылған қауіпсіздік камераларына түсіп қалған. Жәбірленуші бірден полицияға қоңырау шалған,-деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Полицейлер тонаушының бірден ізіне түсіп, көп ұзамай қолға түсірді. Күдікті бұрын сотталған, облыс орталығының тұрғыны. Қазір тергеу жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, Екібастұзда екі студент тапсырыс жеткізіп берген курьерді тонап кетті.

Соңғы жаңалықтар