Павлодарда жаңа индустриялық аймақ жобасының тұсауы кесілді
ПАВЛОДАР. 7 маусым. ҚазАқпарат - Кеше өңір жетекшісі Ерлан Арын өткізген кеңесте Павлодар индустриялық аймағының жаңа жобасы таныстырылды.
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Аталмыш жоба қатты қағаз-рубероид зауыты, «Кастинг» металлургиялық өндірісі, мұнай-химиялық зауыты, жылудың және электр энергиясының көзі - ТЭЦ-3 орналасқан қаланың Солтүстік өнеркәсіптік ауданында жүзеге асырылмақ. Онда заманауи технологияларды пайдаланып, кең спектрлі өнімдерді шығаратын орта және шағын кәсіпорындарды орналастыру жоспарланып отыр.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша инвесторларға жер телімдері ұсынылады және олар жеңілдетілген несиелер ала алады.
«Жоба аймақтың өнеркәсіптік өндірісін ары қарай дамытудың негізіне айналмақ», - деп атап өтті Е. Арын.
Облыс әкімі ведомстволардың басшыларына өндірістік инфрақұрылымды қаржыландыру бойынша ұсыныстар енгізу, өнеркәсіптік аймақтағы жер телімдерін түгендеу жұмыстарын жүргізуді жүктеді.