Павлодарда жас анаға мұз кесегін лақтырып, басын жарған тұрғын іздестіріліп жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Полиция денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Кінәлі тұлға іздестіріліп жатыр.
Облыс орталығында Назарбаев даңғылы, № 157 үйдің жанымен өтіп бара жатқан жас ананың басына әлдебіреу жоғарыдағы терезеден мұз кесегін лақтырған. Ауыр заттың салдарынан әйел адамның басы жарылған. Бейнежазба жергілікті әлеуметтік желіде пайда болды.
Бір қызығы, бұл оқиға 8 шілде күні болғанымен, аталған жайт үшін ешкім жауапкершілікке тартылмаған. Зардап шегушінің туыстары әлеуметтік желіде әйелдің басын жарған адамды өздері іздеуге мәжбүр екендерін жазған. Полиция органдары әлеуметтік желідегі жазбалардан соң ғана мәселеге көңіл аударған.
— Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды алып, зерделеді. Куәгерлерден жауап алып, басқа да қажетті тергеу әрекеттерін жүргізді. Бейнежазбада жәбірленушінің үстіне заттың құлаған сәті тіркелген. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс Павлодар облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Аталған жайтқа қатысы бар тұлғаны анықтау, оны заңда белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Еске сала кетейік, Астанада газ баллоны жарылып, үш адам зардап шекті.