Павлодарда жайылымдар мұз құрсанып, жылқы тебінге шыға алмай жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының Ақтоғай, Ертіс, Железин аудандары мен Екібастұз ауылдық аймағында жылқы тебіндерін мұз құрсап тастаған. Жылқыдан күй кетіп, биелер құлын тастап жатыр. Өткен аптада қалың жауған қардың соңы жаңбырға ұласып, қазір көп аудандарда жайылымдық жерлердің барлығын көк мұз басып қалды. Жылқы тебіндейтін жер сирек. Салдарынан Ақтоғай ауданының Шолақсор, Шұға елді мекендерінде, Екібастұзға қарасты Ақкөл Жайылмада жылқы өліп жатыр деген қауесет тарап кетті. Ел ішінде жылқы ұстап отырғандардың табынында бірен-саран өлім-жітім бар көрінеді. Мұндай ақпар берген адамдар өз аты-жөндерін атағысы келмейді. Көтерем тай-жабағылар қыстың қаһарына шыдас бермей, қазірден өле бастаған. Облыста 2012 жылғыдай жылқының жаппай қырылуы, яғни жұт болуы мүмкін деген болжам бар. Аудандардағы жағдайды зерттеп көрдік.

Павлодар
Фото: Ертай Қабылқақов

Ақтоғай ауданы

Ақтоғай ауданы Басқамыс ауылында тұратын Берік Қабылқанов жуықта өз ауылдастарымен бірге жылқы табынынан жануарларды алып келгенін жеткізді. Айтуынша, әкелген жылқыларының күйі қашқан, соған орай үйде біраз жемдемек ойы бар. Ал қоңдыларын өрісте қалдырыпты.

«Егер жағдай қиындайтын болса, үй маңайында жаздай үйген шөбім бар, жылқыны көктем шыққанша қыстатуға әлеуетім жеткілікті», - дейді шаруа иесі.

Ақтоғай ауданының басшысы Қаршыға Арынов жергілікті жерде жылқының қырылуы бойынша ресми ақпарат тіркелмегенін нақтылады. Облыстың тұрақтандыру қорынан жем-шөп сатып алу үшін 87,5 тонна мал азығына тапсырыс берілген. Тебінде 15 мыңнан астам жылқы барын, көп жерлерді мұз басқандықтан жайылымға қатысты мәселе туындап отырғанын жеткізді.

қора
Фото: Ертай Қабылқақов

Екібастұз ауылдық аймағы

Ал өлім-жітім тіркелді деген Ақкөл ауылдық округінде де жағдай қалыпты көрінеді. Округтің әкімі Ерлан Қабылтаев аумақтағы ахуалды жергілікті жауапты мекемелермен бірге бақылап отырмыз деп сендірді.

«Айналаның барлығы көк мұз, мал тебіндейтін жерлер өте сирек. Соған орай округтегі 6 200 жылқының тең жартысын халық қазір қорада ұстап отыр. Жұртшылық қолда бар техникасымен, «Камазбен», трактормен жануарларды әлі де артып әкеліп жатыр. Өзгесін жылқышылар ауылға қарай біртіндеп жақындата түсуде. Егер алдағы уақытта тебіндердегі ахуал жақсармаса, оларды да қораға қамауы мүмкін. Біздің округке Ақкөл, Зеленая роща, Жақсыат елді мекендері қарайды. Қыс басынан бері жұртшылықтың қолындағы екі-үш жас мал шығын болды деп естідік. Малдың шығынсыз болмайтыны түсінікті. Дейтұрғанмен шаруа баққан адамдардың биылғы қысқа қамы жаман емес, жем-шөпті жеткілікті жинап алдық деп отыр. Оларға қосымша көмек болсын деп қазіргі күні сырттан 30 тонна арпа жеткізуге сұраныс жасадық. Тиімді бағамен әкеліп сатуы керек. Ірі шаруа қожалықтарын 30-40 жылқы ұстап отырған мал иелеріне шөпті арзан бағамен беруге көндірдік. Алдағы күндері қатты аяз жалғаса берсе, жылқыны біраз жүдететіні анық. Бірақ жұт болады деп ойламаймыз», - дейді ол.

мұз дала
Фото: Ерлан Қабылтаев

Ертіс ауданы

Биыл Ертіс ауданында өзге өңірлерге қарағанда қардың жамылғысы қалың, кейбір жерде жарты метрге дейін жетеді. Соған орай жылқы малы жайылатын аумақтарда жайылым мәселесі өзекті болып тұр. Жергілікті кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайролла Нұрғожиновтың сөзінше, бұл төңіректе 20 мыңдай жылқы ұсталады. Екі мыңдап табын ұстап отырған азаматтар да баршылық.

«Жылқы қыста көбіне қыр жақта, Сілеті өзені бойы мен Қызылқақ көлінің аумағында бағылады. Бұл жақтарда қар аз түседі, қысы жайлы. Мал иелері азығымыз жеткілікті, қыс аяғы созылса жылқыға біраз уақыт шөп шашып ұстап тұруға болады деп отыр. Мал шығыны жоқ», - деп жауап берді ол.

қыс дала
Фото: Ерлан Қабылтаев

Железин ауданы

Железиндегі жұрттың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Веселая роща ауылының тұрғыны Аманжол Хамит биыл қыстың соңы жұтқа ұрындырады деп болжап отыр. Айтуынша, былтыр қуаңшылық салдарынан көпшілік жем-шөпті жеткілікті жинай алмаған. Салдарынан күзде ауыл халқы қолдағы малының 70 пайызын сойып, сатып жіберуге мәжбүр болыпты.

«Кейбір отбасылар азық қорын әзірлей алмай амалсыздан малын толығымен сатып жіберді. Қой етінің келісін 1 400 теңгеден бердік, ол базарда 2 500 теңгеден сатылып жатыр. Қызығын алыпсатарлар көрді. Ауыл адамдары қолда қалған аз ғана түлігінің өзін биылғы қыстан аман алып шыға қоятынына сенімді емеспін. Себебі азық қоры тапшы, сатылатын шөп жоқ. Веселая рощада мыңның үстінде адам бар. Түнеугүнгі жаңбырдан айналаның барлығы қатып жатыр. Жылқыны жинап, үйде ұстауға мәжбүр болдық. Биелердің барлығы құлын тастап жатыр. Бұл жұт емей, немене? Шөп тіпті шақ келер емес. Ауылда менің үйімде ғана шынжырлы трактор бар, сонымен далада қалған аз ғана шөмелелерімді жиыстырып алып келдім. Оның қашанға жететіні тағы белгісіз», - деп қынжылды отағасы.

Өкінішке қарай, аудан басшылығымен байланысқа шыға алмадық. Аудан әкімі еңбек демалысында жүр.

ат
Фото: Аманжол Хамит

Жауапты басқарма мен депутаттар не айтады?

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасындағылар аймақ бойынша алаңдатарлықтай ахуал жоқ деп отыр. Мекемедегі бөлім басшысы Қайырболат Байсариновтың мәліметінше, облыста 83,5 мыңдай жылқы бар.

«Ақтоғай ауданында он шақты жылқының шығын болғаны туралы деректер расталды. Облыстың тұрақтандыру қорында сақталып тұрған 5 мың тонна мал азығынан аудандарға жемазық бөлеміз, өңірлерде жедел штабтар құрылып, күн сайын мәліметтермен бөлісіп отыр», - деп баяндады басқарма өкілі.

Атап өтерлігі, сәрсенбі күні Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттарының атынан Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ақмола, Қарағанды, Павлодар өңірлеріндегі жайылымдарды мұз басуына байланысты табында жүрген жылқы малы өліп жатқанын алдыға тартты.

«Былтырғы жылдың қуаңшылығына байланысты көптеген өңірде егіндік жерлер ғана емес, шабындықтар да зиян шекті. Сондықтан бүгінгі күні жем-шөптің аздығынан жылқыларды үй маңында ұстау қиын болып тұр. Соған орай облыстарда жедел штабтар құрып, қажет болса жергілікті аумақтарда төтенше жағдай жариялауды сұраймыз. Өңірлердің тұрақтандыру қорларындағы, ал қажет болған жағдайда «Азық-түлік корпорациясының» жем-шөп қорларындағы жем-шөпті де пайдалануды ұйымдастыру керек. Бұған қоса мал тебіндейтін жерлердегі қар бетін бұзу үшін механикалық өңдеу жасауға көмек көрсетілсін», - деген мәселе көтерді Н. Әшімбетов.

«Жұт – жеті ағайынды» дейді халқымыз. Ел шетіне жұттың бірі ілінсе, өзгесі ілесе жүретіні айқын. Осыдан бір мүшел бұрын, 2012 жылы облыста жылқының жаппай қырылғанына куә болғанбыз. Ендеше жауапты органдар қазірден бастап атқа қонып, ауылдағы жұртқа қолұшын беруі керек. Ықтимал апаттың алдын алсақ игі...

Соңғы жаңалықтар