Павлодарда жедел жәрдем стансасына алты реанимобиль көлігі берілді

«Өңірде жедел жәрдем қызметін жаңғыртуға арналған ілкі жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда», - деп атап өтті Бола Бақауов. - Мұндай қуанышты жаңалық республика бойынша бізде бірінші болып орын алды. Жаңа көліктер төтенше жағдайлар орын алған кезде қала ішіне небәрі он минутта, ал облыс бойынша 30 минуттың ішінде жетіп, шұғыл медициналық көмек көрсете алады. Сондай-ақ ол реанимобиль көліктерінің заманауи құрылғылармен жабдықталғандығын атап өтті. «Келесі жылы облыстық бюджеттің есебінен 80 автомобиль алынады. Оның ішінде 10-реанимобиль, 20 жедел жәрдем көлігі және ауыл тұрғындарына арналған 50 машина бар. Осылайша, ауылдардағы жедел жәрдем көліктеріне деген қажеттілікті 100 пайыз жабамыз», - деді аймақ басшысы.
Б. Бақауов бүгін ашылған психоневрологиялық орталық туралы да айтты, таяуда Май ауданында омыртқа дертімен сырқаттанған жандарға арналған оңалту орталығы пайдалануға берілетінін жеткізді. Мұнымен қатар алдағы жылы Константиновка елді мекенінде есірткіге тәуелділерге арналған орталық ашылмақ. Ал облыстық онкологиялық орталық құрылысына қажетті қаражат та бөлінген.