Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодарда ЖЭО мұржасынан будақтаған қара түтін жұртты шошытты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығының тұрғындары екі күн бойы солтүстік өнеркәсіп аймағы жақтан шыққан қара түтінді бақылады. «Павлодарэнерго» компаниясы оның неден пайда болғанын түсіндіріп берді.

Черный дым над Павлодаром на ТЭЦ-2
Фото: Видеодан скрин

Оқиға орнынан түсірілген кадрлар Instagram желісінде пайда болды. Онда қара түтіннің Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіп аймағы жағынан будақтап шығып жатқаны байқалады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бұл бойынша шақырту түспегенін хабарлады. 
Кейінірек түтін жергілікті ЖЭО-2 стансасынан шыққаны мәлім болды. Мұнда соңғы екі күнде мазут жанып, мұржадан қара түтін будақтаған.

— Павлодар ЖЭО-2-де резервтік қазандық агрегаты жағылды. Қазандық агрегаттарын жағу бекітілген технологиялық регламентке сәйкес мазутпен жүзеге асырылады. Бұл мұржадан шығатын түтіннің түсін уақытша өзгертеді. Келесі күні энергия жүйесінің аймақтық диспетчерлік орталығының пәрмені бойынша станцияда электр энергиясын өндіруді арттыру үшін қосымша резервтік қазандық агрегаты жағылды. Қазандық агрегатын жағу ұқсас технология бойынша жүргізілді, — деп хабарлады «Павлодарэнерго» АҚ.

Компания кәсіпорынның нормативтік құжаттарында қазандық агрегаттарын мазутпен жағу және қосымша қыздыру кезіндегі ластаушы заттардың шығарындылары ескерілгенін жеткізді. Түзілетін ластаушы заттардың көлемі кәсіпорынның жалпы экологиялық есептілігіне кіреді.

Жағдайға қатысты Павлодар облысы бойынша экология департаменті де пікір білдіріп, әлеуметтік желілердегі жазбалардан кейін бұл мәселеге назар аударғандарын атап өтті.

— Аталған дерек бойынша экология департаменті ЖЭО-2-ге санитарлық-қорғау аймағында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін барды. Нәтижелері таяу күндері белгілі болады, — деп жауап берді Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов.

Экологтер ЖЭО-2 маңында шаң, азот оксиді және көміртек оксидіне өлшеу жүргізді. Зерттеу нәтижелерін кейінірек жариялауға сөз берді.

Еске сала кетейік, Павлодардағы сынақ кезінде желілерде 57 ақау анықталып, қаланың бір бөлігі ыстық сусыз қалды.