Павлодарда жер үй өртеніп, 40 жастағы ер адам көз жұмды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының Шалдай ауылында жер үй өртенді. Оқиға орнына барған өрт сөндірушілер ғимарат ішінен 1984 жылғы ер адамның мүрдесін тапты.

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Өткен тәулікте өрт сөндірушілер Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында тұрғын үй секторларында 9 өртті жойды. Төтенше жағдайлар министрлігінің күшімен 3 шаруашылық құрылыстың, 3 жеке тұрғын үйдің және 3 моншаның жануы сөндірілді. Павлодар облысы Шарбақты ауданы Шалдай ауылында өртті сөндіру кезінде 1984 жылы туған үй иесінің денесі табылды», - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Марқұм азамат өртенген үйдің иесі болғаны анықталды. Ол өрт салдарынан көз жұмған деп болжанып отыр. Құқық қорғау органдары өрттің шығу себептерін анықтап жатыр.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында өрт оқиғаларының 80%-ы тұрғын үй секторында болады.