Павлодарда жеті мектептің оқушылары шұғыл эвакуацияланды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – 13 ақпанда Павлодарда мектептерге жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаларға байланысты жеті мектептің оқушылары шұғыл эвакуацияланды.

Белгісіз адамның хабарламасына байланысты жеті мектептің оқушылары эвакуацияланды. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жарылғыш зат қойылғаны туралы алғашқы қоңырау сағат 10:45-те түскен.
- Алғашқы хабарламаны №39 мектептің директоры хабарлады. Белгісіз адам мектепке қоңырау шалып, білім беру мекемесіне толықтай бомба қойылғанын айтып, балаларды эвакуациялауға 20 минут уақыт берген. Алгоритмге сәйкес, бұл туралы дереу 102 нөміріне хабарланған. Оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп, оқушыларды эвакуациялауға кірісті. Кейін Шамкенов атындағы мектеп-лицейіне, сондай-ақ №6, 29, 17, 18 мектептеріне қоңыраулар түскен, олардың барлығына балаларды эвакуациялау туралы нұсқау берілді, – деп мәлімдеді өңірдің білім басқармасы.
Балаларды суықта ұстамау үшін сабақтар қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.
- Барлық білім беру мекемелері бекітілген алгоритм бойынша әрекет етті. Қоңырау түскен сәтте дереу 102 нөміріне хабарланды. Бұл мәселе Павлодар облысының білім басқармасының бақылауында, – деп мәлімдеді ведомство.
Кейін полицияға тағы бір мектепте бомба қойылғаны туралы хабар түскені айтылды. Оқу орындарына түскен дабылды қоңыраулар туралы ақпаратты полиция да растады.
Қаланың бірнеше мектебінде орнатылған жарылғыш құрылғы туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады.
Жергілікті жерге шұғыл қызметтер шықты, мамандар объектілерді тексеруді жүзеге асыруда. Осы іс-шараларды өткізу үшін басқа да шұғыл қызметтер қосылған.
Полиция қызметкерлері осы фактіге қатысы бар адамды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысым оқушылары қашықтан оқыды.