Павлодарда жыртқыш жануардың шабуылына ұшыраған жаралы аққу құтқарылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс ауданы Ағашорын ауылдық округінің аумағында жергілікті тұрғын әлсіреген аққуды тауып алған. Құс өздігінен қозғалғанымен, қиындықпен жүретіні және ұша алмайтыны анықталған.

ф
Фото: Үрлітүп орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі

Жаралы аққуды Ағашорын ауылдық округінің әкімі «Үрлітүп орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесіне» тапсырған. Мамандар анықтағандай, аққу биыл туған жас құс. 

- Алдын ала болжам бойынша, ол жыртқыш жануардың шабуылына ұшыраған. Соның салдарынан әлсіреп, көмекке мұқтаж күйге түскен, - деп хабарлады Үрлітүп мекемесінен.

Құстың жағдайы мамандардың қатысуымен тексеріліп, тиісті бағалау жүргізілген. 

Нәтижесінде аққуды жабайы жануарларға арналған арнайы мекемеге жіберу туралы шешім қабылданған. Аққу онда оңалтудан өтіп, денсаулығын қалпына келтіреді. Мамандардың негізгі мақсаты – аққудың толық сауығып, кейін табиғи мекендеу ортасына қайта жіберілуін қамтамасыз ету.

Еске сала кетейік былтыр желтоқсан айында Павлодарда ауыл тұрғыны аязда қалып қойған қос аққуды құтқарып қалды

Ал биылғы көктемде мұз құрсауынан құтқарылған аққулар айдынына оралған еді.