Павлодарда жолға техникалық қадағалау жүргізетін ұйымдар жазаланды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Мекемелер жол сапасын бақылау кезінде жұмыстарды жеткілікті ұйымдастырмаған. Нәтижесінде техникалық қадағалау жүргізетін үш ұйым жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,8 млн теңге айыппұл арқалаған.

Павлодарда жолға техникалық қадағалау жүргізетін ұйымдар жазаланды
Фото: Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Қызылорда облыстық филиалы

Павлодар облыстық «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК филиалы бөлімінің басшысы Қуат Нұрмағамбетовтің айтуынша, орталық мамандары 120 нысанға 604 рет инспекциялық тексеру жүргізіп, 1 939 сынама алған. Оның 249-ынан талапқа сай келмейтін кемшіліктер анықталған.

– Жұмысты тиісті деңгейде атқармаған ұйымдарға қатысты шара қабылдау мақсатында Ұлттық сапа орталығы Павлодар облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына 6 хат жолдады. Нәтижесінде техникалық қадағалау жүргізетін 3 ұйым жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 1,8 млн теңгені құрады, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне филиал басшысы.

Оның сөзінше, өңірде атқарылып жатқан жол жөндеу жұмыстарының сапасы жеткілікті деңгейде деп бағалауға болады. Мердігер ұйымдар жыл өткен сайын сапа мәселесіне айрықша мән беріп, бұрын жіберілген кемшіліктерді қайталамауға ұмтылып жатыр.

Жалпы Павлодар облысындағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 5,5 мың шақырымнан асады. Оның ішінде республикалық, облыстық, аудандық және қалалық маңызы бар жолдар бар. Биыл өңірде жол инфрақұрылымын жөндеу және дамыту жұмыстарына бюджеттен шамамен 60 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда облыста 120 жоба жүзеге қолға алынып жатыр. Оның ішінде республикалық - 9, облыстық деңгейде - 9, аудандық – 22 жоба бар.

Жол құрылысы саласындағы ең ірі нысандардың бірі – Павлодар – Астана бағытындағы ескі көпірдің жанынан жаңа көпір салу жобасы. Аталған нысандағы құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, бүгінде қарқынды жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар Атамекен – Көктөбе және Атамекен – Ертіс автомобиль жолдарында күрделі жөндеу жұмыстары биыл жалғасын табады. Орташа жөндеу жұмыстары Қалқаман – Баянауыл, Қарағанды – Шідерті – Павлодар, Атамекен – Көктөбе бағыттарында, сондай-ақ Омбы – Майқапшағай тасжолының Павлодар – Железинка бағыты бойынша учаскесінде аяқталып қалды. Барлық жоспарланған жобаларды биыл қараша айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, Павлодардағы жаңа көпір 2027 жылы қолданысқа беріледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум