Павлодарда жүріп өткен алапат құйынға жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы себепкер ме
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында биылғы 20-21 шілде күндері жүріп өткен жойқын құйынның кенеттен пайда болуы тұрғындар арасында алаңдаушылық туындатқаны анық. Оның себебін әлі күнге жергілікті адамдар еліміздің оңтүстігінде қолданылған жасанды жаңбыр технологиясымен байланыстырып отыр. Kazinform тілшісі жергілікті климатқа тән емес ауа райы құбылысының жай-жапсарын анықтап көрді.
Сауалдарымызға «Қазгидромет» РМК Ғылыми-зерттеу орталығының директоры, климаттың өзгеруі мен гидрологиялық процестерді зерттеу саласындағы жетекші маман Тұрсын Тілләкәрім жауап берді.
- Тұрсын Адамбекқызы, Ертіс бойын жайпап өткен алапат құйынға биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде жасанды жаңбыр жаудыратын технологиялардың қолданылуы себеп болуы мүмкін бе?
- Еліміздің аумағында болып жатқан кез келген метеорологиялық құбылыстарды атмосфераға әсер ету технологияларымен, әсіресе оның ішінде жасанды жаңбыр жаудырумен байланыстыру негізсіз дер едім. Қазіргі ғылыми деректерге сәйкес, Павлодар облысында байқалған құйынның еліміздің оңтүстік өңірлерінде қолданылған жасанды жауын-шашын жаудыру (бұлттарды себу) технологияларымен байланысы жоқ. Бұлттарды себу технологиясы тек қолайлы метеорологиялық жағдай қалыптасқан кезде ғана қолданылады және оның әсері жергілікті аумақпен әрі қысқа уақыт кезеңімен шектеледі. Бұл технология жаңа бұлттарды қалыптастырмайды, атмосферадағы ауа ағындарының жалпы циркуляциясын өзгертпейді, қауіпті атмосфералық құбылыстарды, соның ішінде құйындарды қалыптастыра алмайды. Оның мақсаты – табиғи түрде қалыптасқан бұлттардағы жауын-шашын түсу үдерісін белгілі бір дәрежеде күшейту ғана.
- Ендеше кенеттен пайда болған құйынға қандай факторлар әсер етті?
- Негізгі құйын жүріп өткен Павлодар облысы Успен ауданының Қоңырөзек ауылында метеорологиялық бақылау бекеті жоқ. Успен кентінде орналасқан ең жақын метеорологиялық станцияның деректері бойынша қауіпті гидрометеорологиялық құбылыс – құйын тіркелген жоқ. Біздің зерттеуімізше жұртшылық куә болған құйын атмосфераның жоғары тұрақсыздығы, ауаның жоғары ылғалдылығы, қуатты будақ-жаңбырлы бұлттардың дамуы және қарқынды найзағай әрекеті сияқты табиғи синоптикалық жағдайлардың үйлесуінен қалыптасқан. Мұндай жағдайларда құйындардың пайда болуы әлемдік метеорологиялық тәжірибеде жақсы белгілі табиғи процесс болып табылады. Павлодар облысындағы қауіпті атмосфералық құбылыстың табиғи синоптикалық процестердің дамуы нәтижесінде қалыптасқанын көрсетті.
Екінші жағынан қолайсыз атмосфералық құбылыстардың қалыптасуына ұзақ уақыт бойы айтарлықтай жауын-шашынсыз сақталған ыстық әрі құрғақ ауа райы да қосымша әсер еткен. Бұл атмосферада едәуір тұрақсыздықтың жиналуына себеп болды. Жылы ауа массасының салқындау ауа массасына ауысуы атмосфералық процестердің күшеюіне, фронттық белсенділіктің артуына, қуатты конвективтік процестердің қалыптасуына алып келді. Мұндай синоптикалық жағдай қуатты конвективтік бұлттардың дамуына қолайлы болып, нөсер сипатындағы жауын-шашынның, бұршақтың және екпінді желдің қалыптасуына жағдай жасайды.
Осылайша, бүгінгі таңда қолда бар бақылау материалдары мен ғылыми зерттеулердің нәтижелері Павлодар облысындағы құйынның еліміздің оңтүстігінде жүргізілген жасанды жауын-шашын жаудыру жұмыстарының салдары болғанын растамайды.
- Құйын неден пайда болады әрі ол ел аумағы үшін сирек синоптикалық құбылыс па?
- Құйын (торнадо) – тік айналу осі бар, қуатты будақ-жаңбырлы бұлттардың дамуымен байланысты қалыптасатын атмосфералық құйын. Ғалымдар Г.Ивус және А.Семергей-Чумаченконың (2005 жылғы) мәліметтері бойынша, құйындар полярлық және экваторлық ендіктерді қоспағанда, жер шарының барлық дерлік өңірлерінде тіркеледі. ТМД елдерінің аумағында олар сирек кездесетін атмосфералық құбылыстар қатарына жатады және атмосфераның жоғары тұрақсыздығы, қарқынды конвекция мен найзағай белсенділігі жағдайында қалыптасады. Мәселен 1987 жылы зерттеуші А.Снитковский КСРО аумағында 248 құйынды тіркеген. Автордың көрсетуінше, құйындардың басым көпшілігі бұрынғы КСРО-ның еуропалық бөлігінде және Орал өңірінде байқалған. Ал Батыс Сібірдің оңтүстігі мен Орта Азияда әлдеқайда сирек кездескен. Мұндай кеңістіктік таралу атмосфералық циркуляцияның ерекшеліктерімен және Қазақстан, Моңғолия, Қытай аумақтары арқылы келетін ауа массаларындағы ылғал мөлшерінің жеткіліксіздігімен түсіндіріледі.
Құйындар жаңа атмосфералық құбылыс болып саналмайтынын айтуымыз керек. Ал елімізде, оның ішінде Павлодар облысында аса сирек кездесетін атмосфералық құбылыс. Жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстырсақ, қазіргі ғылыми зерттеулер «климаттың жылынуы құйындар санының артуына тікелей себеп болады» деген бірмәнді қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді. Дейтұрғанмен, ауа температурасының көтерілуі және атмосферадағы ылғал мөлшерінің артуы нөсер жауын-шашынмен, найзағаймен, ірі бұршақпен және жекелеген жағдайларда құйындардың пайда болуымен қатар жүретін күшті конвекцияның дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруы мүмкін.
- Құйындар Павлодар облысында тағы қайталануы мүмкін бе?
- Теориялық тұрғыдан алғанда, Павлодар облысында құйынның қайта қалыптасу ықтималдығын толық жоққа шығаруға болмайды. Алайда құйындар Қазақстан аумағында, оның ішінде Павлодар облысында өте сирек кездесетін қауіпті атмосфералық құбылыс екенін жоғарыда айттым. «Қазгидромет» мамандары тұрақты түрде синоптикалық жағдайларды, атмосфераның тұрақсыздық көрсеткіштерін, спутниктік және радиолокациялық деректерді, сондай-ақ сандық ауа райы болжамдары нәтижелерін талдап отырады. Егер қауіпті конвективті құбылыстардың, оның ішінде күшті найзағайдың, бұршақтың, шквалдың немесе жекелеген жағдайларда құйынның қалыптасуына қолайлы жағдайлар болжанса, тұрғындарға дауылды ескерту жарияланады.
Қазіргі ғылымның даму деңгейінде құйынның нақты қай жерде және қай уақытта пайда болатынын бірнеше күн бұрын дәл болжау мүмкін емес. Сондықтан мұндай құбылыстар бойынша болжамдар ықтималдық сипатта ғана беріледі.
- Жалпы жасанды жаңбыр жаудыру жергілікті қоршаған ортаға, климатқа қандай зардаптар әкеліп, проблемалар туындатуы ықтимал? Халықаралық тәжірибеде қандай мысалдар бар?
- Жасанды жаңбыр жаудырудың жергілікті қоршаған ортаға, климатқа әсерін зерттеу біздің ұйымның құзыретіне жатпайды. Бірақ бұлттарды себу (жасанды жауын-шашын жаудыру) технологиясы ғылыми негізделген талаптар сақталған жағдайда өңірлік немесе жаһандық климатқа елеулі өзгеріс енгізетін фактор ретінде қарастырылмайтындығын айтқымыз келеді. Оның үстіне соңғы ғылыми зерттеулер бұл технологияның әсері жергілікті аумақпен және қысқа уақыт аралығымен шектелетінін, ал қосымша түсетін жауын-шашын мөлшері бұлт жүйесінің табиғи ылғал қорымен шектелетінін көрсетіп отыр.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 21 шілдеде Павлодар облысының Успен ауданында қатты желдің салдарынан инфрақұрылым нысандары зақымданды.
Ал оның алдындағы дауылдан 49 тұрғын үй бүлінген.
Төтенше жағдайлар қызметі Павлодар өңірінде жойқын құйын қайталануы мүмкін екенін ескертті.