Павлодарда Жүсіпбек Аймауытовтың ескерткіші ашылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, 1931 жылы атылған Алашорда көшбасшыларының бірі, белгілі қазақ жазушысы, публицист, ақын Жүсіпбек Аймауытовтың ескерткіші ашылды.
Биіктігі 7,6 метр болатын қоладан құйылған мүсін күрең қызыл граниттен жасалған тұғырға қойылды. Қайтыс болғанына 85 жыл өткен соң атақты ақынның мүсіні өзі арман еткен тәуелсіз елдегі қала орталығынан орын тепті.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты. Ж.Аймауытовтың туған-туыстары, оқырмандары мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері оның шығармашылығынан үзінділер оқыды. Сөз сөйлегендер публицистің шығармалары өз қоғамының мұқтажын өтеуге, ақ-қарасын парықтауға арналғанын, көркемдік тегеурінінің қуаттылығын, ұстанымының сонылығын, өміршеңдігін айтты.
Жазушының атымен аталатын қазақ музыкалық драма театрында оның 125 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.
Секциялық отырыста ҚР Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры Еңлік Жұматаева, ақын, журналист, қоғам қайраткері Арман Қани, мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері Сайлау Байбосын жерлестерінің шығармашылығын тілге тиек етті. Конференциядан кейін көпшілік назарына «Ар алдаспаны - Аймауытов» қойылымы ұсынылды. Еске сала кетейік, жуырда павлодарлық делегация Мәскеу қаласына сапарлап, Ж.Аймауытов жерленген Ваганьков бейітіне барып қайтты. Жазушының моласынан сол кезде әкелінген бір уыс топырақ ескерткіштің қасынан орын алды.