Павлодардағы дрон өндірісі қалай дамып жатыр: кәсіпорын директоры түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Павлодардағы кәсіпорын дрон өндірісінің жаңа кезеңіне көшуді жоспарлап отыр. Ендігі мақсат – дронның негізгі бөлшектерін ел ішінде шығару. Бұл туралы кәсіпорын директоры Ержан Әуезов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында бөлісті.
Ержан Әуезовтің айтуынша, кәсіпорын бұл бағытқа Оңтүстік Кореядағы мамандандырылған көрмеден кейін бет бұрған.
– Қазір дрондардың ауыл шаруашылығында, жер қойнауын пайдалануда, геологияда, қорғаныс пен қауіпсіздік саласында кеңінен қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Бүгінде олар көптеген саладағы жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертіп жатыр. Сондықтан Қазақстан осындай жүйелерді өндіретін елдердің қатарында болуы керек деп есептейміз, – деді ол.
Қазіргі таңда кәсіпорын өндірістің екінші кезеңіне өткен. Мұнда ұшқышсыз ұшу аппараттарының корпустарын шығару игеріліп жатыр.
Оның айтуынша, қыркүйек айында Мемлекет басшысының Оңтүстік Кореяға жоспарланған сапары аясында компоненттерді ел ішінде өндіру жөніндегі келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде кәсіпорын қозғалтқыштарды, жерүсті басқару станцияларын және бағдарламалық қамтамасыз етуді Қазақстанда өндіруді кезең-кезеңімен меңгермек.
Кәсіпорын басшысы серіктес таңдаудағы негізгі талаптардың бірі технология трансфері болғанын атап өтті.
– Жабдықты сатып алу жеткіліксіз. Ең маңыздысы, адамдардың біліктілігі мен тәжірибесі. Биыл командамыздың бір бөлігін Оңтүстік Кореяға оқуға жібердік. Шілде айында кәріс инженерлері Павлодарда болып, өндірісті іске қосуға және мамандарымызды оқытуға көмектесті. Қыркүйек айының соңында әріптестеріміз қайтадан тәжірибе алмасуға барады, – деді Ержан Әуезов.
Оның айтуынша, оңтүстіккореялық серіктестер өз тәжірибесімен бөлісуге дайын. Олар кезінде Батыс Еуропа мен АҚШ-тан технология алған болса, бүгінде сол білімді Қазақстанға беруге ниетті.
Қазіргі уақытта кәсіпорында төрт түрлі дрон моделі игеріліп жатыр. Оның ішінде бір гексакоптер, бір квадрокоптер және тік ұшып-қонатын екі ұшақ үлгісіндегі ұшқышсыз аппарат бар.
Айта кетейік, бұған дейін, ІІМ криминалистері дрондарды пайдалануды меңгеріп жатқанын жазған едік.