Павлодардағы көркемсурет мектебінде компьютерлік дизайн сыныбы ашылды
Павлодардағы көркемсурет мектебінде компьютерлік дизайн сыныбы ашылды. Енді жас өнерпаздар өз туындыларын компьютерде салып, оны басып шығара алады, деп хабарлайды Kazinform.
Үлкен шеберханаларда кез келген кескін-бейнені жейдеге жапсырып бере қоятын қызмет түрлері болады. Қаладағы көркемсурет мектебінің балалары енді өздерінің қиялынан туған таңғажайып суреттерін компьютерде бейнелеп, онысын арнайы принтер арқылы басып шығара алады.
Бұған қоса мұнда қыш шеберханалары да бар. Жаңа шеберхана мен кабинеттер қала әкімінің грантына жабдықталды.
«Балалар өнер мектебі 1979 жылы құрылған, шаһардағы ең көне оқу орындарының бірі.
Мектепте 1200 оқушы білім алады. 32 педагог жұмыс істейді, барлығы жоғары білімді. Әрқайсысының өзіндік ерекше шығармашылық стилі бар. Біздің көптеген педагогтеріміз қалалық, республикалық және халықаралық көрмелерге үнемі қатысады», — дейді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин.