Павлодардағы Усолка өзенінде бір топ аққу қыстап қалатын түрі бар
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығындағы Усолка өзенінде бір топ аққу қалып қойды. Алайда табиғат қорғаушылар киелі құстардың қыстап қалуына алаңдаулы.
Усолка өзенінің Ертіс өзенімен тоғысатын тұсында ағыс өте баяу. Өзеннің жағалау маңайы біртіндеп қата бастағанымен, орта тұсы әлі де айнадай жарқырап жатыр. Бұл жерді бір-екі аптадан бері он шақты аққу мекендеп, қыстың жақындағанын ұмытып кеткендей. Табиғат қорғаушылар су беті толық қата бастаса, аққулардың қорек табуы қиындауы мүмкін екенін айтады.
Құстардың күнделікті тіршілігін бақылап жүрген орманшылар: «Өзен суы жылы, қорек мол. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ», — деп отыр. Қыс мезгілінде аққулардың жылы жаққа ұшпай қалып қоятын сәттері кездесіп тұрады екен. Бірақ бірден он аққудың қалып қоюы сирек жағдай.
— Бұл — Қызыл кітапқа енбеген сыбырлақ аққулар. Он аққудың төртеуі — балапан. Оларға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Біз күн сайын келіп, құстарды бақылап, тексеріп отырамыз. Усолка өзені толық мұз болып қатып, құстар әлсіреп немесе мертігіп жататын болса, оларды қамқорлыққа аламыз, — дейді облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов.
Құстардың мінез-құлқына қарап, «қыс жылы болады» деп болжам жасап жатқандар да бар. Синоптиктердің мәліметінше, Ертіс-Баян өңірінде қараша айы жылы болады. Алғашқы аяздар желтоқсанның ортасында басталуы мүмкін.
Бұған дейін Ақмола облысында тобынан қалып қойған аққу қамқорлыққа алынғаны туралы жазғанбыз.