Павлодардағы жаңа ипподромның құрылысы үшінші жылға созылып барады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Облыс орталығында салынып жатқан заманауи ипподром құрылысы кешеуілдеп жатыр. Мердігер компания өзіне жүктелген міндетті орындауға қауқарсыз болып шыққан.

Павлодардағы жаңа ипподромның құрылысы үшінші жылға созылып барады
Фото: Павлодар қаласының әкімдігі

Ипподром құрылысын салу бойынша жобаны «Градстройсервис» ЖШС жосықсыз мердігер болып шықты. Ол Павлодар облысында ғана емес, еліміздің бірнеше аймағында бюджет қаржысына құрылыс жүргізу тендерлерін ұтып алған. Қазіргі уақытта соттан сотқа тартылып жатыр.

– Мердігер ұйым құрылыс салу бойынша талаптарды орындамауы себепті 2025 жылғы 22 мамырда келісімшарт бұзылды. Осыған байланысты сот кабинеті ақпараттық жүйесі арқылы «Градстройсервисті» мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап арыз жіберілді, - дейді Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Мақпал Қаржаубай.

Жақында бұрынғы мердігерден қалған 163 млн теңгені игеру бойынша қайтадан конкурс өткізілген. Қазір құрылыс қайтадан жанданды. Жыл аяғына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, келер жылдың мамыр айында ипподром ашылады деп күтіліп отыр.

Негізі Павлодарда осыдан небары 10 жыл бұрын жаңа ипподром салынған. Алайда кейін билік қаланың бас жоспарына түзету жасап, дайын иподромның орнына жаңа шағын аудан салу жөнінде шешім қабылдады. Кейін облыстық прокуратура экологиясы нашар өндірістік аумақта тұрғын үй салуға рұқсат бермей қойған еді.

Еске сала кетейік, Павлодарда салынып жатқан мектеп құрылысы биыл аяқталмайтыны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар