Павлодардағы Былқылдақ көлінің балығы мутацияға ұшырап жатыр
«Көлде сазан, нәлім, тұқы бар. Балықтардың 36 пайызы мутацияға ұшыраған. Аузы жолақтары өзгеріп, қабықтары қотырланып, бастары өзгеріске ұшыраған. Бұл жерден ауланған балық әрине жеуге келмейді», - дейді жергілікті ветеринария бөлімінің басшысы Асылтас Тілеубаев.
Павлодар облысының жауапты органдары Былқылдақ жинақтауыш-көлінің жәндіктеріне зерттеу жүргізді. Аталмыш көл 1975 жылға дейін маңайдағы барлық өндірістік аймақтың ағынды қалдық суларын қабылдаған. Кейін бұл көл химиялық зауыт иелігіне беріліпті. Былқылдақ көлінің су құрамындағы сынап мөлшері белгіленген мөлшерден 20 есеге артып кеткен. 2006 жылдан бері су қоймасын «Каустик» АҚ қолданып келеді.
Жәндіктерден алынған сынамалар, балықтардың 36 пайызы мутацияға ұшырап, ауыз жолақтары өзгеріп, қабықтары қотырланып түсе бастағанын бастары өзгеріске ұшырағанын көрсетіп отыр. Мұндай экологиялық жағдайда, көлден балық аулап жеген жергілікті тұрғындардың денсаулығына қауіп төнетіні анық. Прокуратура өкілдері көлге барған кезде маңайдағы тұрғындардың Былқылдақтың суын малға беретіндігі мәлім болды.