10:36, 06 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Павлодардағы колониялардың бірінде тұрғындық корпустың шатыры өртенді
АСТАНА. Қыркүйектің 6-сы. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Өткен демалыс күндері Павлодардағы колониялардың бірінде тұрғындық корпустың шатыры өртенді, деп хабарлайды Павлодар облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің департаментінен.
Департамент қызметкері Борис Гаврилюктің айтуынша, шатыр таңғы сағат тоғыздар шамасында жана бастаған. Қолға алған шаралардың арқасында бір сағат ішінде өрт жайылмай, уақытында сөндірілді.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Электр сымдардың бұзылғандығынан жалын басталып, ғимараттың шатырына ішінара залал тигенімен, төбенің құлау оқиғасы орын алмады, сондықтан 124 сотталушы сол күні кешке тұрғындық корпусқа қайтып барды, деп толықтырды Б. Гаврилюк. Ол сондай-ақ соңғы он жыл ішінде аймақта мұндай өртену оқиғасы орын алмағандығына тоқтала кетті.