Павлодардағы мүгедектер арнайы автобустармен жүретін болды

Осы мақсатқа қалалық бюджеттен 300 млн. теңге бөлініп, «№ 1 автобус паркіне» 11 Daewoo және 9 МАЗ 103 маркалы автобустар сатып алынды.
Сонымен қатар «Павлодар автокомбинаты» ЖШС арбалы мүгедектерге арналған қалалық типтегі 20 жаңа аласа еденді Қытайда жасалған «HUANGHAI» маркалы автобустарды таныстырды. Бұл автобустарды кәсіпорын өз қаражатына сатып алды.
«330 мың тұрғыны бар Павлодар қаласы Қазақстанның ірі өнеркәсіпті және мәдени орталығы болып табылады. Қоғамдық автомобиль көлігі тәулігіне 126 мыңға дейін қала тұрғындары мен қонақтарын тасымалдайды. Сондықтан автобус парктерінің жаңартылуын мақсатты деп білемін», - деді өңір басшысы.
Таныстырылым барасында облыс басшылығы мен қонақтар (мүмкіндіктері шектеулі адамдар) жаңа автобустарға отырып, олардың жайлылығын өз көздерімен көрді.
Шаһардың екі аялдамасы GPRS навигациялық жүйесі бар «Ақылды аялдама» атты ақпараттық тақтамен жарақталған. Онда көліктердің қозғалу бағыты жайлы ақпарат (автобустың нөмірі, олардың соңғы аялдамалары жайлы ақпарат, автобус келетін уақыт, күн мен сағат) нақты уақытта көрсетіледі.
Биылғы жылдың соңына дейін қоғамдық көлік аялдамаларында осындай тағы бірнеше тақта пайда болады.