Павлодардың орталық алаңында құлап қалған шырша биыл қайтадан құрылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Биыл өңірдегі барлық аудан-қалаларда бұған дейін қолданылған шыршалар орнатылады. Павлодар қаласында жаңа жыл мерекесіне орай 10 сырғанайтын төбешік, 23 хоккей алаңы құйылады деп күтіліп отыр.

Ертіс-Баян өңірінде жаңа жылдық безендірулер мен іс-шараларға 262 млн теңге бөлініп отыр.
- Бұл қаражаттың 190 млн теңгесі Павлодар қаласына, 55 млн теңгесі Екібастұз қаласына, 6 млн теңгесі Ақсу қаласына тиесілі. Мереке қарсаңында үш қалада жаңа жылдық жарықтандырулар, жарықдиодты композициялар, субұрқақтардың дизайны мен жарық элементтері орнатылады. Облыстың қалалары мен аудандарында қолда бар шыршалар орнатылады. Сондай-ақ, қалаларда сырғанақтар орнатылып, мұз айдындары құйылады. Аудан орталықтарында биыл әкімдіктермен орталық көшелерді және алаңдарды жаңа жылдық безендіруге жалпы сомасы 16,5 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Дәстүр бойынша шыршалар мен мұз сырғанақтары орнатылады. Негізгі және орталық көшелер жарық элементтерімен безендіріледі,-деп хабарлады облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан.

Ал өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы кейбір жаңа жылдық іс-шараларды өткізу үшін демеушілер тартылатынын мәлімдеді.
«Облыс орталығында Жаңа жылды мерекелеу аясында 21 желтоқсан күні бас шыршаның шамдарын жағу рәсімі жоспарланған. 2024 жылдың 20 - 31 желтоқсан аралығында Павлодар облысының мәдениет мекемелері мен білім беру ұйымдарында жеке кестеге сәйкес Жаңа жылға арналған ертеңгіліктер, мәдени-сауық іс-шаралар өтеді. Өңіріміздің қалалары мен аудандарында мерекелік іс-шаралар, оның ішінде концерттік бағдарламалар, қойылымдар, таңертеңгіліктер, ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылады»,-деп жауап берді мәдениет басқармасынан.

Павлодар қаласындағы шағын аудандарда10 сырғанайтын төбешік орнатылып, 23 хоккей алаңы құйылады. Бұған қоса қала әкімдігінің қаражатына – 6, кәсіпкерлер есебінен 4 конструкция орнатылады. Облыс орталығында 30-дан астам іс-шара жоспарланған. 31 желтоқсанда сағат түнгі 00.00-ден 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін Ертіс жағасында спорттық жарыстар өткізіледі.

Еске сала кетейік, биыл қаңтар айында Павлодарда 52 млн теңгенің шыршасы қатты желге шыдамай омақаса құлаған.
Қала әкімдігіндегілер аталған шыршаның конструкциясы қалпына келтірілгенін мәлімдеді.
«Павлодар қаласының бас шыршасын орнатуды «ERTIS SU PVL» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын жүргізетін болады. Қазіргі уақытта бас шыршаның бұзылған элементтерін қаланың коммуналдық кәсіпорындары қайта қалпына келтірді. Оны орнату желтоқсан айында жоспарланып отыр»,-деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.
