Павлодардың Орталық жағажайында электр самокаттарға тыйым салу көзделіп отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығының тұрғындары тарапынан Орталық жағажайда жүретін самокаттарға қатысты шағым жиілеп кеткен. Полиция қазір аталған көлік құралдарын жүргізбеуді қарастырып жатыр.

Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев мәлім етті.
— Кешкілік уақытта қаладағы Орталық жағажайда серуендейтін адамдардың қарасы қалың. Көптеген ата-ана балаларын қыдыртып жүреді. Сондықтан бұл аумақта біз электр самокаттарымен жүруге тыйым салуды ұсынып отырмыз. Бұл мәселені қазір каршерингтік компаниямен талқылап жатырмыз, — дейді ол.
Жыл басынан өңірде электр самокаттарының қатысумен 1 жол-көлік оқиғасы ғана тіркелген. Әйел адам мінген көлік құралы Павлодар қаласында 5 жасар қызды қағып кеткен. Заң бұзған тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, электр самокаттардың жылдамдығына қатысты тәртіп қайта қаралуы мүмкін.