Павлодарда дүкендер қызанақ пен қиярдың келісін 1000 теңгеден асырмай сатады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының әкімдігі мен өңірдің жылыжай кешендері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумға сәйкес, шаруашылықтар кемінде 140 тонна қияр мен 100 тонна қызанақты бекітілген көтерме бағамен – 1 келісін 850 және 800 теңгеден жеткізуге міндеттеледі.
- Әлеуметтік дүкендердегі бөлшек сауда бағасы қияр үшін 980 теңге/кг, қызанақ үшін 925 теңге/кг болады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде қиярдың келісі 890 теңгеден, қызанақ 840 теңгеден сатылады. Арзан қияр 5 желтоқсаннан Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларына жеткізіле бастайды, - деп хабарлады өңір әкімдігінен.
Аймақта жылына 14 мың тоннадан астам көкөніс өндіретін үш ірі жылыжай кешені жұмыс істейді. Соңғы 6 жылда өңірдің жылыжай шаруашылықтарын дамытуға 312,2 млн теңге бөлініп, мемлекеттік қолдау көрсетілген. 2025 жылы электр энергиясына жұмсалған шығындардың өтемақысы 163,2 млн теңгені құраған.
- Біздің міндетіміз - қыс мезгілінде әлеуметтік маңызы бар көкөністердің және жоғары сұранысқа ие көкөністер бағасының қымбаттауына жол бермеу және нарықты тұрақты түрде сапалы өніммен қамтамасыз ету, - деп атап өтті облыс басшысы Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесі кеңейтіліп, жаңа жыл алдында бағаны бақылау күшейе түспекші.