Павлодарлық фермерлер қоймадағы тонналаған сәбізді сата алмай отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жыл сайын Ертіс-Баян өңірінде 200 мың тоннадай сәбіз жиналады. Бұл көлем еліміздің барлық аймағын қамтуға жеткілікті.

сәбіз
Фото: pixabay.com

Алайда жергілікті көкөніс өсірушілер отандық нарықты Ресейдің арзан өнімі басып бара жатқанына наразы. 

Әлеуметтік желіде павлодарлық фермерлер өз өнімдерін еліміздің оңтүстік өңірлеріне жібере алмай отырғандарын, себебі Ресейдің арзан сәбізі аймақтарды жаулап алғанын жазып жатыр. Павлодарда жыл сайын жұмысшы күшінің, суармалы егіншілікке арналған судың, тыңайтқыштардың құны өсіп жатқанына қарамастан сәбіздің бағасы өзгермеген. Қазіргі уақытта олар сәбіздің келісін тіпті 100 теңгеден өткізе алмай отырмыз деп мұңдарын шақты. Видеода көкөніс сақтау қоймасында тау-тау болып үйіліп жатқан сәбіздің бұзыла бастағанынан көруге болады.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі аумақтық инспекцияның ресми мәліметіне сүйенсек, Павлодар облысына өзге мемлекеттерден сәбіз әкелінбеген.

— Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары «Рахмет» базарына мониторинг жүргізіп, ондағы сәбіздің жергілікті көкөніс өсірушілерден ғана келіп түсетінін анықтады. Фермерлердің қоймаларында расында сәбіз баршылық. Ауыл шаруашылығы басқармасы өнімді сыртқа сатуға көмек көрсету туралы Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктеріне, облыстардың әкімдіктері мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларына хат жазды. Онда сәбіздің көлемі мен шаруа қожалықтарының байланыс нөмірлері көрсетілген, — деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Дейтұрғанмен, көрші елдің ақпарат құралдарында өткен қаңтар айында Ресейдің Волгоград облысынан Қазақстан аумағына 880 тонна сәбіз сатылғаны хабарланған. Ал 2024 жылы Өзбекстан елі Қазақстанға 50 мың тоннадан астам сәбіз экспорттаған. Баға жағынан алғанда Өзбекстан мен Ресейдің өнімі қазақстандық өнімнен арзанға шығады. Соған орай отандық өнім ірі дүкендер желісінен тықсырылып қала береді. Павлодарлық фермерлер импорт өнімге шектеу жасауды сұрап отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін павлодарлық фермерлер картоптың бағасын 120 теңгеден асырмауға уәде берген.

Соңғы жаңалықтар