Павлодарлық монополист электр тарифін бір жылда екінші рет көтеруге әрекеттеніп отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Павлодарэнерго» АҚ облыс орталығының тұтынушылары үшін электр жарығының тарифін 17,8 теңгеден 19,3 теңгеге көтеруге өтінім берді. Монополист бұл өзгеріске жүйелік оператордың ұлттық электр желілерін пайдалану тарифтерінің қымбаттағаны, энергия тарату шығындарының артуы мен кәсіпорын қызметкерлері жалақысының өсуі себеп болып отырғанын түсіндірді.

электроэнергия
Фото: Наталья Зинченко/ Kazinform

Павлодар қаласында «Павлодарэнергосбыт» ЖШС-нің электр энергиясы тарифін өсіру туралы өтінімі бойынша көпшілік тыңдау өтті.

«Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, жеке тұлғалар үшін тарифті шамаман 2 теңгеге, яғни 1 кВт/с үшін 17,8 теңгеден 19,3 теңгеге өсіру көзделген. Заңды тұлғалар үшін де тарифті 2 теңгеге ұлғайту жоспарланған.

«Бұл өзгеріс жүйелік оператордың ұлттық электр желілерін пайдалану тарифтерін қымбаттатқаны, энергия тарату шығындарының артуы және кәсіпорын қызметкерлері жалақысының өсуі себепті ұсынылып отыр», - деп мәлімдеді монополист компания.

Электр таратумен айналысатын компания биылғы ақпан айында ғана тариф бағасын 3 теңгеге, яғни 15,1 теңгеден 17,87 теңгеге дейін өсірген болатын. 

Тариф бойынша соңғы шешімді Өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаменті қабылдайды.

Еске сала кетейік, Қазақстанда кәсіпкерлер үшін электр энергиясына тарифтер төмендетілді.

Соңғы жаңалықтар