Павлодарлық музейге майдангер-жазушы Қалмұқан Исабайдың әскери киімі тапсырылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне майдангер-жазушы Қалмұқан Исабай мен Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағановтың әскери киімдері, сондай-ақ соғыс жылдарында тұтқында болған павлодарлық соғыс ардагері Қайдар Жазкеновтің жеке заттары берілді.
Өңірлік мемлекеттік архивтің соңғы деректеріне сүйенсек, Ертіс-Баян өңірі бойынша соғыс жылдары 30 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алса, 8 адам «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған. Отан үшін отқа түсіп, толарсақтан саз кешкен батырларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Биылғы көрмеде даңқты жерлестеріміздің бұған дейін көпшілікке таныстырылмаған жеке заттары ұсынылады.
Майдангер жазушы, соғыстан кейінгі уақытта Германиядағы Ильменау қаласының коменданты болған Қалмұқан Исабайдың әскери киімін ұрпақтары павлодарлық музейге арнайы әкеп тапсырды. Музей қызметкері Абзал Рымбек атап өткендей, қарт майдангердің бұрынғы киімінің тозғанын байқаған Алматы қаласының әкімдігі 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығында бұрынғысынан айнымайтындай етіп көшірмесін тігіп берген. Қаз-қалпында сақталған жәдігер қайсар рухты атамыздың көзіндей.
Соғыс батыры, Павлодар жерінің тумасы Құдайберген Сұрағановтың әскери киімі де көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Оны даңқты перзентіміз соғыстан қайтқанда киіп келген. Қ.Сұрағановтың зайыбы Шәйза ақын Шаймардан Торайғыровтың (Сұлтанмахмұт ақынның немере інісі) қызы екен. Марқұм дүниеден ертеректе озған. Музей қызметкерлері Шаймардан шайырдың рухани мұрасын түгендеп жүргенде батырдың келіні Гүлжазира Бүркітбаеваның үйінен табылыпты.
Сондай-ақ музей қызметкерлерінің соңғы олжасы – жау қолына тұтқынға түскенде жауынгердің өмірін сақтап қалған құран кітапша. Сіріңкенің қорабына сыйып кететін шағын көлемдегі құран кітапша соғыс ардагері Қайдар Жазкеновке тиесілі. Жазуы мұқабасындағы лупамен оқылған. 19-ғасырдың соңында шығарылған құран-тұмар Павлодар қаласы Жетекші ауылында тұратын зейнеткер Санат Сыздықовтың үйінде сақталып келген.
Айтуынша бұл құран кітаптың тарихы ерекше. Қайдар Жазкенов басқыншылардың тұтқиылдан жасаған шабуылдарының бірінде тұтқынға түсіп қалады. Тұтқынға болған уақытында жанында түрік жігіті болыпты. Әлгі азамат ағамызды мұсылман болған соң жақын тұтты ма екен, мойнына іліп жүрген құран кітапшасын сыйлайды. Содан бір күні немістер тұтқындарды топ-тобымен ата бастайды. Терең қазылған ордың жанына ішінде Қайдар ағамыз бар бір топ тұтқынды алып келеді. Кезелген мылтықтар атыла бастаған сәтте оқтың бірі ағамыздың шынашағына келіп тиеді. Ол тұтқындардың соңына қарай тұрды ма екен, оқ тиіп жапырыла құлаған адамдардың астында қалып қояды. Кейін неміс офицері тексермек болып, орға құлап жан тапсырған адамдарды тапаншамен ата бастайды.
– Құдай сақтап, ағамызға бір де бір оқ дарымапты. Немістер кетіп қалған соң біраз тыңдап жатады да, жансыз денелердің астынан суырылып шығады. Сөйтсе қаншама тұтқындардың арасынан бір өзі тірі қалған екен. Содан көрші деревняға барып, жан сауғалайды. Өзінің тірі қалғанын осы құран-тұмардың мойнында жүргенімен байланыстыратын. 1980-ші жылдардың басына таман дүниеден озды. Қайтыс болар алдында әкеме аманаттап кетті. Ал әкем қайтқан соң бұл жәдігер маған қалды, - деп әңгімеледі зейнеткер.
Қайдар Жазкенов кейін Жапонияға қарсы соғысқа да қатысқан. Өкінішке қарай, соғыста тұтқында болғандар көп уақытқа дейін «саяси сенімсіз» саналып, оларға лайықты құрмет көрсетілмей келгені мәлім. Қайдар Жазкенов те кеңес өкіметінің осындай салқын саясатын бастан кешіріпті. Алғашқыда Жеңіс күніне арналған салтанаттарға шақырылмаған. Кейін ғана әскери марапаттар алған. Тұтқыннан босап келген соң өзінің туған жері, қазіргі Аққулы ауданы Шоқтал ауылында ұзақ жылдар тұрыпты. Марқұмның немересі Ағыбай Жазкенов бұл күні атасынан қалған әскери марапаттары мен құжаттарын, өзге де заттарын музейге өткізді.
Ал Санат Сыздықовтың әкесі Қамбар Сыздықұлы 1909 жылы туған. Бірінші Украин майданында соғысып, ефрейтор атағын алады. Соғысты Киев қаласы маңында бастап, Дрезденде аяқтаған. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және тағы да басқа әскери наградалармен марапатталған. Қарт майдангер 1990-шы жылдардың ортасында қайтыс болған.
Бұған дейін керекулік соғыс ардагері 100 жасқа толғанын жазған едік.