Павлодарлық орманшылар жарақаттанып қалған аққуды құтқарды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Белая өзенінде сұңқылдақ аққу тобына жататын жас аққу жағаға шығарылды. Ол жарақатына байланысты жылы жаққа ұша алмай қалған.

Павлодарлық орманшылар жарақаттанып қалған аққуды құтқарды
Фото: Павлодар облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі

Орманшылар жас аққуды кезекті патрулдеу кезінде байқап қалған. Бақылай келе, Белая өзенінің понтонды көпір маңында жүзіп жүрген құстың ұша алмайтынын анықтаған.

— Бұл аққу сұңқылдақ түріне жатады, биылғы балапан екені байқалады. Орманшылар қайықпен суға түсіп, құсты жағаға шығарып алдық. Жарақатына байланысты ұзап жүзе алмайды, әбден шаршаған. Облыс орталығына жақын жердегі Павлодар ауылында құстар мен жануарларға арналған арнайы орын бар. Жарақаттанып қалған аң-құстар сонда ұсталады. Аққуды сонда апарамыз, — дейді облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов.

Жас аққу биыл өңірімізді қыстап қалады. Орманшылар оны қыс бойы күтіп, жарақаты жазылса көктемде қайтадан өзенге жібереді.

Бұған дейін қыс жақындай түскеніне қарамастан Павлодардағы Усолка өзенінде бір топ аққу жүргені жайлы жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар