«Бауырларды ажыратқымыз келмеді»: павлодарлық отбасы төрт баланы бірдей асырап алды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бір бүлдіршінге пана болуды көздеп, Балалар үйіне барған ерлі-зайыпты Қабыкен мен Эльмира Ботабай төрт баланы бірдей асырап алған. Отбасы бүгінде алыс ауылда тату-тәті тіршілік кешіп жатыр.
Павлодар облысы Май ауданының Кеңтүбек ауылында Қабыкен мен Эльмира Ботабай көпбалалы отбасы болып тұрады. Үлкен қыздары тұрмысқа шыққаннан кейін, ерлі-зайыпты үйіне ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдап, оларға тәрбие беріп келеді.
— Үйiмiз үлкен. Бiр күнi жұбайымыз екеуімiз ақылдасып отырып: «Неге осы үйдiң жылуын қорғансыз қалған балалармен бөлiспеске?» деген ойға келдiк. Жасым елуді алқымдап қалған кез, зайыбым екеуіміз әлі де жас балаларды бағып-қағатындай халдеміз. Содан Эльмира екеуіміз үміткерлер тізіміне ресми тіркеліп, психологиялық дайындықтан өттік. Ал 2024 жылы облыс орталығынан қорғансыз қалған сүп-сүйкімді төрт жасар қызды таптық, — деп еске алды Қабыкен Ботабай.
Олар Балалар үйіне барып, бүлдіршінмен танысқан сәтте күтпеген жағдайға тап болды. Кішкентай Әселдің өзімен бірге мекемеде жүрген екі ағасы мен бір бауыры бар екен. Бауырларды бір-бірінен ажырату — олардың балалық шағына да, болашағына да ауыр соққы боларын түсінген Қабыкен мен Эльмира Ботабайлар сол жерде дереу шешім қабылдап, төрт баланы да бауырына басты.
— Көпшілік бізден «Бейімделу қиын болды ма?» деп жиі сұрайды. Шынымызды айтсақ, Жаратқанның қалауымен бәрі өте тез әрі жеңіл өтті. Балалар бұл үйде бұрыннан тұрып жүргендей бірден үйренісіп кетті. Үйіміз кең, барлығымыз емін-еркін сыйыстық. Сол сәтте біз үйдің төрт қабырғасы емес, ішіндегі шынайы мейірім адамның өзін қауіпсіз сезінуі үшін маңызды екенін түсіндік, — дейді Эльмира Ботабай.
Балалардың үлкені — Әділбек бүгінде 11 жаста, Рамазан 10, Әсел алты, кенжесі Нұрсұлтан бес жасқа толған. Әділбек биыл Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 5-сыныбына қабылданса, Әселі мектеп табалдырығын аттамақшы. Қос үлкен ұл күреспен шұғылданып жүр.
Отбасы мүшелері бау-бақша баптап, ауланы көркейтіп отыр. Теледидардан көрген қызық идеяларды аула ішінде бірге жүзеге асырады. Бақшаға егілген жеміс ағаштары балалармен бірге жетіліп жатыр. Бос уақыттарында Баянауыл өңіріндегі сауықтыру лагерьлеріне барып тынығады, велосеруендер ұйымдастырады. Жолай облыс орталығындағы ойын-сауық орталықтарына соғады, суға шомылып, мәдени орындарды аралайды. Бұған қоса, балаларды жыл сайын Астана мен Алматы сияқты үлкен қалаларға апарып, саяхаттайды.
— Осындай қарапайым сәттерде балалардың жүзіндегі күлкіні көргенде ерекше қуаныш пен бақытқа бөленеміз. Жақында ұлдардың бәрін сүндетке отырғыздық. Әселіміздің құлағын тесіп, алғашқы сырғасы салынды. Бұл да отбасымыз үшін маңызды оқиға болды. Барлығымыз сыю үшін салоны кең автокөлік сатып алдық. Енді баратын жағымызға қиналмай жетеміз, — дейді ата-ана.
Ботабай отбасынан қуаныш күлкісі үзілмейді. Отағасы Қабыкен — қоғамдық істерге белсене араласатын, көп жылдық тәжірибесі бар білікті бапкер. Қазір аудандық оқушылар үйінде педагог-ұйымдастырушы болып жұмыс істейді. Көп жыл «Майталман» қоғамдық ұйымының төрағасы, аудандық мәслихаттың бірнеше шақырылымына депутат болды. Жергілікті балаларды кішкентайынан спортқа баулып, олардың бойында тәртіп, жауапкершілік, төзімділік пен өзіне деген сенімділікті қалыптастырып жүр.
Ал Эльмира Ботабай отбасының жаңа мүшелері пайда болғалы бұрынғы қызметінен шығып, өзін толығымен балалар тәрбиесі мен үй шаруасына арнаған. Шаңырағына жылу сыйлап, әрбір бала өзін сүйікті, қауіпсіз әрі қажет сезінетіндей ауан құра білді. Балаларды еңбекке баулуға ерекше мән беріп, демалыс күндері мен жазғы уақытты мазмұнды өткізуге тырысады.
Қабыкен Ботабайдың ортаншы ағасы дүниеден өткенде оның ұлын да осы отбасы қамқорлыққа алған екен. Үлкен ағасының ұлы да осы шаңырақта ержетіпті. Кенже ұлы Нұрсұлтанның туғалы бір аяғы екіншісінен сәл қысқа. Оны емдетуге отбасы бар күшін салып жүр. Жақында ғана Астанаға барып, оңалтудан өтіп келген.
— Бала асырап алуға қорықпаңыздар! Біз үшін нағыз бақыт — бір шаңырақтың астында жылулықты, қамқорлықты және отбасылық сезімді бірге бөлісу, — деп түйіндеді ерлі-зайыпты.
Еске салайық, бұған дейін балалы отбасыларға қандай төлемдер қарастырылғанын жазғанбыз