Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодарлық теміржолшыларды қараусыз малдың пойыздарға жиі соқтығысуы алаңдатып отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жыл басынан бері теміржолға шығып кеткен үй жануарларының кесірінен пойыздардың 70-тен астам шұғыл тежелуі тіркелген. Оның үштен бірінде соқтығысу деректері анықталған.

пойыз
Фото: ҚТЖ

Магистральдық желілердің Павлодар бөлімшесі хабарлағандай, Ақсу – Дегелең, Тоқыбай – Үшқұлын – Ақбидайық, Павлодар – Ерейментау және Павлодар – Құрғамыс учаскелері ең проблемалы аймақтар болып отыр. Бұл жерлерде қараусыз жүрген төрт түлік үнемі теміржолға шығып кетеді. Бұл пойыздардың кешігуіне, локомотивтердің зақымдануына және жануарлардың өліміне әкеп соғады.

- Соңғы алты айда теміржолдағы малдың кесірінен 74 шұғыл тежелу жағдайы тіркелді. 27 жағдайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады. Осындай әрбір оқиғадан кейін пойызды тоқтатып, құрамды тексеруге тура келеді. Ал бұл өте көп уақытты алады, - дейді Павлодар теміржол бөлімшесінің бас инженері Айдар Хамзабаев.

Теміржолшылар бұл мәселемен күресуге тырысып жатыр. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, теміржолға жақын орналасқан ауылдық әкімдіктер мен шаруа қожалықтарына 106 хат жолдаған. Алайда өзекті жайт әлі шешілмей отыр.

Еске сала кетейік, Маңғыстауда теміржол қызметкері жұмыс орнында көз жұмды.