Павлодарлық жас ғалым қатерлі ісікті емдейтін препаратқа патент алуға бел байлап отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Павлодарлық жас ғалым Әсия Қасанова – ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы жанындағы жас ғалымдар жұмыс тобының мүшесі. Ол бүгінде химия ғылымының бірнеше бағытында алғашқы нәтижелерін көрсете бастады. Отандық химия ғылымының негізін қалаушы, әйгілі жерлесіміз Әбікен Бектұровтың ізін лайықты жалғаған ғалымды әңгімеге тарттық.
- Әсия әуелі өзіңіздің ғылым саласына келуіңіз жайында ақпарат беріп өтсеңіз.
- Павлодардағы Торайғыров университеті мен Ресейдің Томбы қаласындағы политехникалық университетінің түлегімін. Алғашқы ғылыми атағымды көрші елде қорғап, еліміздің Білім және ғылым министрлігі 2018 жылы PhD докторы ғылыми дәрежесін берді. Кезінде Қанағаң, Қаныш Сәтбаев оқыған Томбы университетінде білім алғанымды мақтаныш тұтамын. Студенттік шағымызда әлгі оқу орнының ауласында қойылған академиктің ескерткішін үнемі күтіп, айналасын таза ұстауға тырысатынбыз. Сәтбаев Қазақстан ғылымының негізін салып берді. Оның шарапатын біздің буынымыз кеңінен көріп отырғанына ешкімнің дауы жоқ болар. Ал тәуелсіз елдегі жас ғалымдардың алдында тұрған қазіргі мақсат – отандық ғылымды әлемдік көшке ілестіру, ғылым жаңалықтарын өмірдің маңызды салаларында пайдалану.
- Білуімізше, осыдан бірер жыл бұрын үлкен сомада грант ұтып алып едіңіздер. Оның нәтижесі не болды?
- Қазіргі күні Торайғыров университетінің Химия және химиялық технологиялар кафедрасының жаратылыстану факультетінде сабақ беремін. Көп уақытымды ғылымға арнаймын. 2020 жылы бірнеше жас ізденушілермен бірлесіп, «пиридиндер, триазолдар, имидазолдар және пиразолдар негізінде карбоксилат, азолат және аралас типті жаңа металл-органикалық координациялық полимерлерді синтездеу және олардың қасиеттерін зерттеу» мақсатында Білім және ғылым министрлігінің 62 млн теңгелік грантын ұтып алдық. Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, полимерлік синтездеу дегеніміз – бір химиялық заттан реакция арқылы екінші пайдалы затты алу. Бұл жобаға мен өзім жетекшілік еттім. Біз ұсынған жобада органикалық зат түзіліп, одан алынған химиялық полимерді медицина мен биологияда, аграрлық салада және газдарды тасымалдау кезінде кеңінен пайдалануға болады. Бірнеше тәжірибеден соң өз мақсатымызға жеткендей болдық.

- Жобаға толығырақ тоқталсаңыз...
- Кәдімгі металл айналасында органикалық заттар реакциясын тудырғанда ол жерде кеңістік пайда болады. Сол кеңістіктен біз синтезделген полимерлер (ұнтақтар) аламыз. Мұндай полимерлерді медицинада қолдануға болар еді. Мысал үшін, адамға ауырсынуды басатын дәрі-дәрмек еккенде оның әсері біраз уақыттан соң жоғалып кетеді ғой. Бұл полимерлерді әлгі уколдың құрамына енгізсек, ол дәріні қажет жеріне дейін тасымалдап, әсерін нақты органға жеткізеді және белгілі бір уақытқа дейін ұстап тұрар еді. Біз бірнеше полимер жасап көрдік. Кеңістіктер қалай пайда болады, оларды қалай құбылтуға болады деген сұрақтарымызға жауап алдық. Ең күрделі ғылыми тәжірибелер Ресейде жүзеге асты. Ол жақтың ғалымдарымен тұрақты байланыстамыз. Қазір біздің оқу орнындағы бір әріптес қыз бала бұл полимерлерді фитофтороз жұқтырған қызанақтарды емдеуге пайдаланып көруде. Полимер тозаңдары әлгі дерттің зеңдерін жоюға қабілетті ме, оның өсімдікке ешбір зияны болмай ма деген сұрақтар туындап отыр. Бұған қоса ұшпа газдарды, мысалы метанды тасымалдау кезінде ыдыстың үстіңгі жағын осы химиялық өніммен қаптауға болады. Ол газды ұшып кетуден сақтайды.

- Бұл жаңалықтарыңыз өндіріске енгізілді ме?
- Ғылымда фундаментальді және қолданбалы зерттеу деген ұғымдар бар. Менің өз серіктеріммен тапқан жаңа полимер алғашқысына жатады, яғни ол – ұзақ жылдар зерттелетін химиялық синтез түрі. Есесіне алдағы 15-20 жылдан соң бұл әдіс нақты нәтижелер әкеліп, өмірдің көптеген салалары пайдасын көруі мүмкін.
- Қазір немен шұғылданып жүрсіз?
- Химия саласы ғылымның әртүрлі саласымен байланыста өрбиді. Қазір Ультракүлгін детектордың жетілдірілген түрін жасап шығуға әрекеттенудеміз. Өте ұсақ нанотүйіршіктердің жарыққа әсері ульракүлгін арқылы зерттеледі. Мысал үшін, күміс пен мыстың, титан оксидінің нанотозаңдары өте пайдалы. Күмістің өткізгіш қабілеті өте жоғары болғандықтан бактерияға қарсы терапияға ол кеңінен қолданылады. Мыстың да пайдасы соған жетеғабыл. Осы металдардың түйіршіктері арнайы көміртек түтікке салынып, оған әлгі детектор жанастырылады. Мұндай реакция кезінде химиктер жаңадан туындайтын түйіршіктерді анықтайды, яғни көптеген заттарды ультракүлгін сәулемен қыздырғанда олар жарқырау қабілетіне ие болады.

Тағы бір жобамыз люминесцентті заттарды анықтауға арналған. Мысал үшін, қолымызда ұстайтын ұялы телефонның экранындағы әртүрлі түстерді люминесцентті заттар тудырады. Флорен және карбазол деген органикалық заттар бар. Бұл екі затты бір-бірімен қосу арқылы LED-экрандар дүниеге келген. Біздің химия мамандары осындай органикалық заттарға түрлі реакция жасап, оларды топтарға бөледі. Негізі әлдебір ғылыми өнімді тудыру үшін түрлі ғылыми салалармен байланыс орнату қажет. Белгілі бір ғылым жеке-дара дами алмайды. Биологтер флорадағы әлдебір проблемаларды шешу үшін химиялық процестерді жүргізуге мәжбүр болады, ал біз керісінше өз тәжірибемізде олардың көмегін пайдаланамыз. Осындай тізе қосудың арқасында ғылым алға жылжиды. Алайда, біздің университетімізде тұрған химиялық зертхананың жабдықтары көп жағдайда реакцияларды деріне жеткізуге мүмкіндік бермейтінін айтқан абзал. Мен маман ретінде белгілі бір органикалық затты әлгі құралдардың көмегімен айырып ала аламын. Бірақ оны қолданыстағы аспаптар арқылы өзгелерге дәлелдеу мүмкін емес. Банкке барғанда ақша купюрасының шынайылығын тексеретін детекторлар болады ғой. Сол сияқты, зерттеулерімнің шынайы екенін дәлелдеу үшін өзге қалаларға, мысалға Қарағандыға жол жүруге тура келеді. Ал химиялық зертхана құралдары біздің елімізде шығарылмайтындықтан өте қымбат тұрады. Спектро флометр деген аспаптың біреуін 10 млн, зат араластырғышты 750 мың теңгеге сатып алдық. Мұның сыртында арнайы зат сақтағыштар, шкафтар, ротациялық буландырғыш, 1 миллиграмдық түйіршікті өлшеуге қабілетті таразыларды алуға тура келді. Бұл жабдықтардың көбін кезінде 62 млн теңге грант ұтып алғанда алған едік. Тіпті реактивті заттарды сатып алуға 6 млн теңге жұмсадық. Мұндай өнімнің 1 грамы халықаралық нарықта 150-200 мың теңге тұрады. Реактивті заттарды бұрындары танымал Sigma Aldrich компаниясынан алып тұрған едік. Бірақ олар Қазақстанға өнім сатудан бас тартты. Қазір өзге компаниялардың өнімін сапасы төмен болса да пайдалануға тура келіп тұр.

- Ізденістеріңіз бойынша патент алатын ойыңыз бар ма?
- Қазір қатерлі ісікке қарсы алкилирлеуші әрекеті бар Дакарбазин препаратын синтездеу әдістемесін әзірлеу үстіндеміз. Ол меланома мен лимфогранулематозды және жұмсақ тіндердің саркомасын емдеуге қолданылады. Дакарбазинді өзге цистотиктермен бірге қолданғанда остеосаркомды, құрсақ саркомасын, өкпе қабығы және ішпердедегі мезотелий ісіктерін, өкпедегі ұсақ клеткалы обыр ауруын, қалқанша без ісігі, карциноид, феохромоцитомды, инсулиномды, нейробластомды және глиомды емдеуде тиімділігін танытты. Аталған препаратты синтездеу әдістемесін әзірлеу бойынша патент алуға өтініш жасағалы отырмыз.

- Сізді осы өңірдің тұрғыны ретінде экологиялық мәселелер толғандырмай ма?
- Әрине, экологиялық ахуалға алаңдаймын. Химия өзге салалармен үнемі әрекеттесіп жататынын жоғарыда айттым ғой. Ертіс-Баян аймағында ауыр өндіріс орындары мен жылу-электр стансаларынан жыл сайын қоршаған ортаға мыңдаған тонна көміртегі оксиді бөлінеді. Қазір еліміз көміртектік бейтараптылықты қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттемелерді өзіне алып отыр. Үлкен компаниялар соған жұмыла бастаған. Бұл дегеніміз – белгілі бір өндіріс орны қанша көміртегі газын шығарса, сонша көлемде жұтып қоятын табиғи факторлар құру.
Өңірдегі зауыттар мен түрлі кәсіпорындардан шығатын улы газдарды орман-тоғайлар өзіне сіңдіріп, зарарсыздандырып отырады. Табиғи сүзгінің нақты қабілетін анықтау үшін қазір университетіміздегі дендролог ғалым Нариман Мапитовпен бірлесіп, парникті газдардың үлесін зерттеу үстіндеміз. Әуелі «Көміртегі белгілі бір аумақтағы ауада, топырақта, өсімдік бойында қандай көлемде болады» деген сұраққа жауап іздеудеміз. Одан соң улы газдарды жақсы сіңіретін ағаш түрлерін анықтаймыз. Сәйкесінше біз ғылыми тұрғыдан белгілі бір жерге қанша көлемде ағаш жамылғысы керек екенін, ол ағаштың қандай түрі болуы керектігін ғылыми тұрғыдан нақтылаймыз. Зауыт мұржасынан шыққан түтінді сол жерде «жұтып», өзге аймаққа таратпау – басты мақсатымыз. Жобаға Қазақстан мен Ресейдің бірнеше оқу орнынан жас ғалымдар қатысады.
- Нәзік жандарға мереке алдында не тілейсіз?
- Қазір әлем елдеріндегі жетекші жоғары оқу орындарында түрлі мамандық бойынша білім алып, кәсіби біліктілігін шыңдап жүрген қазақ қыздары аз емес. Отандық ғылымда тың жаңалықтар ашып, халықаралық деңгейдегі ғылыми атақтарға ие болған қара көздеріміз көбейе берсін деп тілейміз.