Павлодарлық жігіт құтқарып қалған аққуларын зообаққа тапсыруға мәжбүр болды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазіргі уақытта құстар Павлодар қаласының жанындағы жеке меншік питомникке жеткізілген. Одан әрі оларды Қарағандыдағы зообаққа жөнелтеді деп күтіп отыр.
Қос аққуды аязды күні Баянауылдағы Сұлусор көліндегі мұз үстінен тауып алған Бауыржан Жақыпов табиғат қорғаушылардың қарсылығына тап болып, құстарды уақытша ұстау орнына тапсыруға мәжбүр болды.
— Аққуларымды «Мәңгілік» және «Махаббат» деп атадым. Жуықта облыс орталығына апарып, ветеринарлық клиникаға қаратып алған едім. Екеуінің де жағдайы жақсы деді. Өкінішке қарай, оларды біздің қыстақта ұстау мүмкін емес, бұған заң рұқсат бермейді екен. Павлодар қаласының іргесіндегі жануарлар мен құстарды уақытша ұстау орнына апарып тапсырдым. Әр саланың мамандары өз ісімен айналысқаны жөн деп ойлаймын. Қос аққуды қанша қимай тұрсам да, мен оларды аман алып қалғанымды зор абырой деп білемін. Яғни азамат ретінде өз міндетімді орындадым деп ойлаймын, — дейді Бауыржан.
Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мәліметінше, құстар алдағы уақытта Қарағанды қаласындағы зоологиялық баққа жіберілуі мүмкін.
Бұған дейін Павлодарда ауыл тұрғыны аязда қалып қойған қос аққуды құтқарып қалғаны туралы жазғанбыз.