Павлодарлықтар көлік салығы бойынша 1 млрд теңгеге жуық қарыз
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында 147 мың көлік иесі тіркелген. Олардың меншігінде 222 мыңнан астам автокөлік бар.
Өңірдегі көлік иелерінің 11%-ында көлік салығы бойынша қарыз жиналып қалған. Жалпы сомасы 942 млн теңгедей төлеуі керек.
- 2025 жылға арналған көлік салығын төлеу мерзімі биылғы 1 сәуірде аяқталды. 2 сәуірден бастап борышкерлерге тиісті хабарламалар жіберіліп жатыр, ал мерзімді өткізіп алған әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі. Хабарлама бойынша төлем жасауға 30 жұмыс күні беріледі.
Егер қарыз өтелмесе, бес күндік мерзіммен салықтық бұйрық шығарылады. Осыдан кейін құжаттар қаражатты мәжбүрлі түрде өндіріп алатын жеке сот орындаушыларына жіберіледі, - дейді өңірлік мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Арман Уәлиев.
Салық қызметі қазіргі уақытта полициямен бірлесіп жолдарда үнемі рейдтер жүргізіп жатыр.
Егер жүргізушінің қарызы жиналып қалса, полицейлердің оның көлігін айып тұрағына жіберуге толық құқығы бар. Өткен жылы рейдтер барысында 3,2 мың адам 169 миллион теңге төлесе, 6 автокөлік эвакуацияланған. Жыл басынан бері тағы ондаған көлік тексеріліп, борышкерлер 65,9 миллион теңге қайтарған.
Еске сала кетейік, бюджетке 730 млрд теңге салық толық түспеген.