Павлодарлық бойжеткен 500 мың доллар қалың малға мәскеулікке ықтиярсыз ұзатылмақ - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 23 мамыр, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Павлодарлық бойжеткен 500 мың доллар қалың малға мәскеулікке ықтиярсыз ұзатылмақ - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты. Жексенбай Дүйсебаевтың «Өсіп-өркендеудің нақты бес жолы» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда Қазақстан іске асырып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық саясат ел экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз етуге, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғаны, аталған құжат Елбасының бастамасымен қолға алынғаны жан-жақты тарқатыла жазылған. «Өзіміздің мұнайымыз бен қазба байлықтарымызды, бидайымызды, етіміз бен сүтімізді жан-жақты өңдеп, дайын өнім түрінде шығарғанымыз дұрыс. Өйткені, біздің өнімдеріміз экологиялық, табиғилық жағынан алғанда әрқашанда таза әрі сапалы екені анық. Ол әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие болатынына сенімдіміз. Бәсекеге қабілетті және табиғи өнімді шығаруымыз керек. Елбасының берген тапсырмалары мен алға қойған міндеттері осындай. Сондықтан ҮИИДБ-нің біздің экономикамыз бен қоғамға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға қосатын үлесі айтарлықтай. Сондай-ақ, әлемдік экономикада өз елімізді танытуда рөлі айрықша», - дейді мақала авторы.

***

Тарихтағы Қазақ хандығының басқару ісі шариғат талаптарымен емес, дала философиясы негізінде жүргізілген. Нақтылап айтқанда, ханның ісіне молдалар немесе діннің ісіне билеушілер етене сұғынып араласпаған. Билер де дауға төрелік айту кезінде көшпелілер өміріндегі ең маңызды түсінік әділдік пен ар-иман тұрғысынан қарап, ақ пен қараны айырған. Тарихтағы кез келген дау-шардың шешіміне қарасаңыз, шариғат үкімдеріне қиғаш келмейтін, далалықтарға ғана тән шешімді көресіз. Осыдан қарап-ақ қазақ хандарының ел билеуде зайырлы бағыт ұстанғанын білуге болады. «Айқын» газетінің жазуынша, Астанадағы «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық ағартушылық мемлекеттік мекемесінде өткен «Қазақ хандығынан тәуелсіз Қазақстанға дейін» халықаралық ғылыми практикалық конференцияда тарихшылар тарапынан осындай ойлар қозғалды. Халықаралық конференцияның ашылу барысында модератор, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған тақырыптың өзектілігіне тоқталып, пікір білдіру үшін бірқатар ғалымдарды мінберге шақырды. Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов Қазақ хандығының 550 жылдығын қазақ мемлекеттігімен шатастырмау керектігін қадап айтты. «Қазақ хандығының этникалық атаумен жеке орда көтергеніне осыншама жыл толып отыр. Бұған ешқандай күдіктенудің орны жоқ. Көршілердің тарихымен салыстыра отырып түсіндірейін; орыс мемлекетінің өзі Ресей атауымен 1721 жылдан бастап атала бастады. Иә, оған дейін орыс халқы мен елі өмір сүрді, бірақ түрлі князьдықтармен аталып келді. Қытай атауы Аспанасты еліне 1900 жылдардан кейін ғана берілді. Өзбекстан да солай. XX ғасырға дейін ол жақтағы халық та Бұхар, Қоқан хандығы ретінде өмір сүріп келді. Мемлекетті жеке этникамен, яғни «Өзбек» атауымен атау бертінде ғана қабылданды. Сондықтан да таза қазақ этникалық атауымен аталған хандыққа ғана 550 жыл. Ал Қазақ мемлекеттігінің түп-тамыры талассыз 3 мың жылдыққа барады», - деді ол. Мақала «Қазақ хандығы дала дәстүрімен басқарылды» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аккредитация, рейтинг және сапаны басқару орталығының директоры Шыңғыс Ергөбекпен арадағы Елбасының 5 институционалды реформасына қатысты өрбіген сұхбат «Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырады» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Елбасының президенттік сайлау барысында жүзеге асырылуы қажет 5 институттық реформасының маңызды тетіктері «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет құруға бағытталған «100 нақты қадамда» көрініс тапты. Әрине, әрбір қадамның өзіндік маңызы мен ерекшеліктері бар. Бірақ дүйім жұртқа ең маңызды қадамдар кәсіби мемлекеттік аппарат құру, оның ішінде 4-ші және 5-ші қадамдарда көрініс тапқан «3+3 формуласы бойынша мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімі (тиісінше үш айдан кейін және алты айдан кейін сәйкестілікті межелік бақылау) мен «мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру» болып табылады. Құқықтық тұрғыдан мемлекет белгілі бір жер аумағы, шекарасы, өзіне тән құқықтық жүйесі, құндылықтары бар құрылым. Бірақ бірінші кезекте мемлекет ол, мемлекеттік аппарат. Біз күнделікті өмірде мемлекетті нақты мемлекеттік қызметтің жүзеге асырылуымен, шенеуніктердің біліктілігімен, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасымен, осы саладағы идеологиялық өзгерістермен байланыстырамыз. Сондықтан болар, мемлекеттік қызметкерлер жай ғана қоғам мүшесі емес, мемлекеттің өкілі ретінде қарастырылады және мемлекеттің өркендеуі де осы институттың дамуы мен қалыптасуына тығыз байланысты», - дейді.

***

«Павлодарда 18 жастағы қалалық бойжеткеннің ұрлануына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қыздың әкесінің туыстары оны 42 жастағы мәскеулік бай-бағланға 500 мың доллар қалың малын алып, ұзатпақ болыпты», - деп жазады «Время» газеті «Полляма - за жену» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, қыздың анасы полицияға шағымданып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Мәскеуге қалталы адамға тұрмысқа шыққысы келмеген бойжеткенді қыздың әкесінің туыстары зорлықпен ұстап отыр.

***

«Қазақстандық зағиптар Қазақстан зағиптар қоғамын ұзақ уақыттан бері басқарып келе жатқан Байболат Әубәкіров бірнеше миллиондық алаяқтығы үшін түрме отырмаса, онда наразылық шеруіне шықпақ», деп жазады «Экспресс-К» газеті сенбілік санындағы «За таким нужен глаз да глаз» деген тақырыптағы мақаласында. Алматыда баспасөз мәслихатын өтізген олардың айтуынша, Б.Әубәкіровтың іс-әрекеті салдарынан келген мүліктік шығынның өзі 1 млрд. 300 млн. теңгені құрайды.