Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодарлық Мохаммед-Али Амир Гонконгте өткен халықаралық олимпиадада алтын иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарлық «Жас дарын» мектебінің 9-сынып оқушысы Мохаммед-Али Амир Гонконгте өткен халықаралық ІМО олимпиадасында математика пәнінен бірінші орын иеленді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодарлық Мохаммед-Али Амир Гонконгте өткен халықаралық олимпиадада алтын иеленді

«Жас дарын» мектеп директорының орынбасары Бәтима Әбдіжүсіпованың айтуынша, алғашында, кейбір мамандар Амирдың Қытайға баруына қарсы болған. - Себебі Гонконктегі олимпиаданың бағдарламасы 10-11 сынып оқушыларына арналған. Дегенмен, 9-сыныпта оқып жүрсе де, шәкіртіміз білімін дәлелдеп, әлемдік жарыста топ жарды. Ол 28 маусым мен 8 шілде аралығында Алматы қаласында арнайы дайындықтан өтті. Біздің мектепке 5-сыныптан бері оқиды, - деді Бәтима Әбдіжүсіпова. Қытайдың Гонконг қаласындағы ІМО халықаралық олимпиадасы шілденің 10-15 аралығында өтті. Қазақстанның намысын қорғап жарысқа алты оқушы аттанып, бір алтын, бір күміс, үш қола медальге қол жеткізді. - Америка, Франция, Қытай, Ресей және тағы да басқа алпауыт мемлекеттердің арасынан үздік шығып, еліміздің абыройын асырды. Жалпы, Амирмен 7-сыныптан бері жұмыс жасаймын. Өте дарынды оқушы, - деп атап өтті Мохаммед-Али Амирдың мұғалімі Арыстан Текенов.