Павлодарлықтың ауласына жабайы ит жанат келді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда жеке үйдің ауласынан табылған жанат иті Ертіс өзенінің алқабында жиі кездесе бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Павлодарлықтың ауласына жабайы ит жанат келді

«Менің танысым Тимур белгісіз жануарды иттердің қоршап алғанын көрген, - деді Павлодар тұрғыны Екатерина. Кейін біз мамандардың көмегімен оның жанат екендігін анықтадық. Тимур оны иттер талап тастамасын деп моншаға кіргізіп, тамақ берген».

«Жанат итті Павлодардағы ауылдардың маңына алып барып тастаған жөн. Олар Павлодар маңында және Лебяжі ауданында өзендегі балықтарды жеп, қыстан жайлы шығады», - деді Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті Жалпы биология кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы Қайырбай Базарбеков.

Қ.Базарбековтың айтуынша, 20 жыл бұрын жанат иттерді Ресейдің Саратов облысында, Еділ өзенінің алқабында жерсіндірген. Олар Қазақстанға сол аймақтан немесе Алтай өлкесінен, Сібірден келуі мүмкін.

«Менде Ертіс өзенінің алқабындағы жанат иттердің саны туралы нақты  дерек жоқ. Бізге кезіккен жануарлар - бірен-саран жағдай шығар. Алайда, қазір Ертіс алқабында құну да, сусар да мекендейді», - деді биолог.