Пентагон хакерлерден өзіне шабуыл жасауын сұрап отыр

Пентагонның ресми өкілі Питер Куктың хабарлауынша, АҚШ Қорғаныс министрлігінің бастамасымен құрылған бағдарламаның мақсаты - хакерлерді оның компьютерлік желілері қорғанысының осал тұстарын анықтауға тарту.
Бағдарламаның қатысушылары 18 сәуірде жұмысқа кіріседі. Олар 12 мамырға дейін Пентагонның компьютерлік желілерінің әлсіз тұстарын іздейді. Бағдарламаға тек лаңкестік және басқа қылмыстар бойынша күдікті емес АҚШ азаматтары ғана қатыса алады.
Ведомствода атап өтілгендей, хакерлер Пентагон үшін ерекше маңызды компьютерлік жүйелермен жұмыс істемейді.
Өткен жылы ведомствоның компьютерлік желілерін хакерлер талай рет бұзып ашқан. Осылайша, өткен жылдың сәуірінде АҚШ-тың Қорғаныс министрі Эштон Картер ресейлік қаскүнемдердің оның ведомствосының құпияланбаған желісіне кіріп кеткенін хабарлады.
2015 жылдың 5 маусымында АҚШ-тың федералдық ведомстволары кибершабуылға ұшырағаны белгілі болды: хакерлер бірнеше миллиондаған мемлекеттік қызметкердің дербес мәліметтеріне қол жеткізді.