Пентагон құпия ақпарат таралуына байланысты әскери шенділерді полиграфтан өткізді
АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ-тың қару-жарақ қорлары туралы құпия ақпараттың таралуына байланысты Пентагонда ауқымды тексеріс жүргізілді, ондаған жоғары лауазымды әскери шенеуніктер полиграфтан өтті, деп хабарлайды CBS News.
Биыл жазда БАҚ-та АҚШ-тың дәлдігі жоғары қару-жарақ қорлары мен жекелеген оқ-дәрі түрлерінің азайып бара жатқаны туралы құпия ақпарат жарияланғаннан кейін ауқымды тексерістер басталған.
Тексерістен өткендердің арасында АҚШ Орталық қолбасшылығының өкілдері, сондай-ақ басқа да жауынгерлік қолбасшылықтардың командирлері болды. Алайда, Штаб бастықтары біріккен комитетінің төрағасы генерал Дэн Кейн полиграфтан өтпеген.
CBS News дереккөздеріне сүйенсек, тексеріс барысында ұлттық қауіпсіздіктің әртүрлі аспектілеріне қатысты сұрақтар қойылған. Ал тексеріске қатысқандардың ешбірі құпия ақпараттың БАҚ-та жариялануына қатысты сұрақтардан сүрінбеген.
Пентагон әскери қызметшілер және тексеріске қатысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартып келеді.
— Министрлік ұлттық қауіпсіздік саласындағы барлық құпия ақпараттың таралуына өте байыпты қарайды және тиісті тексерістер жүргізуде. Құпия ақпаратты қорғау Америка Құрама Штаттарының және бүкіл әлемдегі америкалық әскери қызметшілердің қауіпсіздігі үшін аса маңызды, — дейді Пентагон өкілі Шон Парнелл.
Шілде айында Пентагон басшысы Пит Хегсет үкіметтің құпия ақпаратын баспасөзге жариялады деген күдікке ілінген адамдарды анықтау және қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Әділет министрлігімен бірлескен арнайы топ құрылғанын жариялады.
CBS News арнасы құпия материалдарға қол жеткізе алатын әскери және азаматтық шенеуніктер үшін полиграф сынағы сирек құбылыс емес екенін атап өтті. Дегенмен, көптеген әскери шенділердің бір уақытта тексерілуі өте сирек кездеседі. Федерал тергеу бюросы бұл сынақтарға қатыспаған.
Бұған дейін АҚШ әскери қызметкерлерді тестостерон жетіспеуіне байланысты міндетті сынақты тоқтатқаны туралы хабарланған болатын.
Нұрлан Тұяқов