Пентагон ұсынған жобалардың бірі Иранның жоғарғы көшбасшысын жоюды көздейді
АСТАНА. KAZINFORM – Axios басылымының хабарлауынша, АҚШ Қорғаныс министрлігі Дональд Трампқа Иранға қатысты бірнеше ықтимал іс-қимыл нұсқасын ұсынған. Солардың бірі Иранның жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеи мен оның ұлын жоюды көздейді, деп жазады ВВС.
Басылымға пікір білдірген жоғары лауазымды америкалық шенеуніктің айтуынша, Ақ үй Иранға бомба жасауға мүмкіндік бермейтін жағдайда уранды символикалық деңгейде байытуға рұқсат беру мәселесін қарастыруға дайын.
«Егер ирандықтар шабуылдың алдын алғысы келсе, біз бас тарта алмайтын ұсыныс жасауы тиіс. Олар үнемі мүмкіндікті жіберіп алады. Егер уақыт созып, ойынға көшсе, төзім таусылады», – деген шенеунік.
Өз кезегінде Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи алдағы екі-үш күн ішінде Тегеранның ұсынысы толық пысықталатынын мәлімдеген.
Axios дереккөзі АҚШ президенті соққы беру туралы әлі түпкілікті шешім қабылдамағанын айтқан.
«Президент әлі соққы жасау жөнінде шешім қабылдаған жоқ. Ол мұндай шешім қабылдамауы да мүмкін», – деген шенеунік.
Оның сөзінше, Пентагон Трампқа кез келген сценарийге арналған бірнеше нұсқа ұсынған.
«Бір сценарий аятолла мен оның ұлын және діни жетекшілерді жоюды қарастырады. Президент қай нұсқаны таңдайтыны белгісіз», – деп келтіреді басылым дереккөз сөзін.
Тағы бір ақпарат көзі Хаменеи мен оның ұлын жою жоспары бірнеше апта бұрын ұсынылғанын растаған.
Қазіргі таңда Иран уранды байытпай отыр. Маусым айындағы әуе соққыларынан кейін елдің ядролық нысандарындағы центрифугалар едәуір зақымданған. Али Хаменеи Иран бейбіт мақсатта уран байыту құқығынан бас тартпайтынын мәлімдеген. Ал Дональд Трамп Иранның уран байыту мүмкіндігіне жол бермейтінін бірнеше рет айтқан.
Айта кетейік, Иран БҰҰ-ға АҚШ тарапынан әскери агрессия болған жағдайда «батыл» жауап беретінін ескертті.