Перизат Қайрат ісі қайырымдылық қорларға сабақ болды ма
АСТАНА. KAZINFORM — «Асар-Үме» қайырымдылық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев BIZDIÑ ORTA подкастында Biz Birgemiz қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайраттың ісіне қатысты ойын ортаға салды.

Еске сала кетсек, «Асар-Үме» қайырымдылық қорының басшысы Асхат Нұрмашев Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға 200 млн теңге аударған.
— Сот өтті. Үкім шықты. Біз Перизат Қайраттың қорын таныс болса да тексердік. Өйткені, 2021-2023 жылдары оның адалдығына күмән түскен себептер де болмаған, ешкім олай ойламаған. Біз ақша жинап болсақ та, бірден ол қорға аудармадық. Өйткені, ол кісі айтатын Абу-Дабиде халықаралық гуманитарлық хаб қоймасы бар, менде аккредитация бар, Газа сектордың жазықсыз жапа шеккен халқына көмектің бірінші партиясы кетті деген еді. Біз сенбей, әріптестерімізбен апара аласың ба дедік, расымен сөз жоқ, біз бардық көрдік, Абу-Дабиге бардық, шынымен аккредитациясы бар, шығынды өзі төледі, — деді Асхат Нұрмашев подкаст барысында.
Оның айтуынша, Перизат Қайраттың Палестина елшілігімен де келісімшарты болған.
— Кейін Палестина және араб елдерінің елшісімен таныстырды. Бір айдан соң келісімшарт жасасып, ақшаны қорға аудардық. Келісімшарт бойынша 2023 жылдың қараша айында қаржы аудардық, желтоқсанда бүкіл есепті тапсыру керек болатын, бірақ есеп созылды. Оның бірнеше себебі болды және де қаңтарда есеп тапсырмасаң сотқа береміз деп тіке айттық. Есепті тапсырды, бірақ қабылдаған жоқпыз. Сот шешімі айдан анық, құжаттар қолдан жасалған болып шықты, яғни ақша кетпеген. Біз ол кезде маман болмағандықтан анықтай алмадық. Сотта болдық, куәгерлердің айтуы бойынша қарашадан аудардық, желтоқсан айында қымбат көліктер, пәтерлер алып жатты, таңғалдық, — дейді ол.
Еске салсақ, 25 шілдеде елорда соты «Biz birgemiz» қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға үкім шығарды. Перизат Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға сотталды.
Кейіннен Перизат Қайраттың адвокаты үкім заңсыз екенін, аппеляциялық тәртіппен даулайтынын айтты.