Перизат Қайрат ісі: қолдан жасалған хаттамалар мен «Biz Birgemiz» қорының құпиясы

АСТАНА. KAZINFORM – Қайырымдылық сылтауымен миллиардтаған қаражат жинаған Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева сот үкімімен бас бостандығынан айырылды. Тергеу деректеріне сүйенсек, «Biz Birgemiz» қоры арқылы 3,5 млрд теңге көлемінде халықтан жиналған қаражат мақсатсыз жұмсалған. Істің егжей-тегжейі, қолдан жасалған хаттамалар мен қаржы іздері Jibek Joly телеарнасындағы «Детальдағы шындық» бағдарламасында жарияланды.

Приговор Перизат Кайрат — 10 лет с лишением права заниматься благотворительностью
Фото: Kazinform

Сот үкімі және айыптаулар

2025 жылдың 25 шілдесінде Астанада Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты атышулы сот процесі аяқталды.

Сот шешімімен Перизат Қайрат 10 жылға, ал анасы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар Перизат Қайратқа қайырымдылық қызметімен айналысуға тыйым салынды.

Айыпталушылар кінәларын мойындаған жоқ. Олардың адвокаттары сот үкіміне шағым түсіру ниеттерін білдірді. Қолданылған баптар ауыр санаттағы қылмыс түріне жатады.

Істі тергеген Қаржылық мониторинг агенттігінің орталық аппараты болса, заңдылықты қадағалауды Бас прокуратура жүзеге асырды.

Агенттіктің тергеу департаментінің 3-басқарма аға тергеушісі Ердәулет Жақып түсіндіргендей, тексеріс барысында қор қаражатының мақсатсыз жұмсалғаны дәлелденген.

старший следователь 3-го следственного управления следственного департамента Агентства РК по финансовому мониторингу Ердаулет Жакып
Видеодан алынған скрин

– «Biz Birgemiz» қоғамдық бірлестігі қаржысын тексеру барысында қайырымдылық атауымен жиналған ақша жеке мақсатта пайдаланылғаны анықталды, – деді ол.

Қордың құрылу тарихы: атауы сенім ұялатқан

33 жастағы ақтөбелік Перизат Қайрат алғаш рет 2024 жылдың көктемінде ел назарын өзіне аударған болатын. Ол кезде елімізде Орал, Тобыл, Ертіс және Ембі өзендерінің тасуы салдарынан бірқатар өңірді су басып, төтенше жағдай жарияланған еді.

Сол кезде блогер әлеуметтік желідегі парақшасында билікті сынға алып, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жетпей жатқанын жазған. Артынша жазбасын өшіріп, кешірім сұрап, гуманитарлық көмек таратып жүрген бейнероликтерді жариялай бастады.

Сол арқылы ол көпшіліктің сеніміне ие болды. Кейін жұрттан түскен қайырымдылықты жүйелеу мақсатында жеке қор құратынын мәлімдеді.

Алайда оның жобасының атауы мүлде жаңа емес еді. 2018 жылы Halyk қоры Birgemiz.kz атты платформаны іске қосқан болатын. Бұл жоба 2020 жылғы пандемия кезінде «Biz Birgemiz» («Біз біргеміз») ұранымен танымал болған. Осы атау халықтың есінде қайырымдылықтың символына айналып қалған.

2021 жылы Перизат Қайрат дәл осы танымал ұранды пайдаланып, өз ұйымын тіркеуге әрекет етті.

Тергеу дерегінше, ол құрылтайшылар жиналысының №1 хаттамасын жалған толтырып, еріктілердің есімдерін рұқсатсыз енгізген. Ал хаттамадағы қолдар кейін қолдан жасалғаны анықталды.

1 қазанда Әділет департаменті «атауы бар қормен ұқсас» деген себеппен тіркеуден бас тартқан соң, 4 қазанда ол құжаттарды қайта рәсімдеп, ұйым атауын «Biz Birgemiz Kazakhstan 2030» деп өзгертті. Бұл жолы ұйым тіркеуден өтті.

Алайда оның заңды мекенжайы ретінде компьютерлік клубтың ғимараты көрсетілгені кейін белгілі болды.

Благотворительная помощь
Видеодан алынған скрин

Құжат бойынша ұйымның мақсаты – волонтерлікті дамыту және қайырымдылықпен айналысу болған. Президенті ретінде Перизат Қайраттың есімі жазылды.

«Biz Birgemiz»: сенімнен схемаға

2021 жылдың қараша айында блогер Астанадағы Sheraton қонақ үйінде реабилитациялық орталық салу үшін қаражат жинауға арналған аукцион өткізді.

Іс-шара сән-салтанатпен ұйымдастырылды: танымал әртістер, блогерлер, мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары шақырылды.

Ресми есеп бойынша, аукционнан 12,6 млн теңге жиналды.

Алайда әлеуметтік желіде Перизат бұл соманы 48 млн теңге деп көрсетіп, тіпті «балалар орталығына 100 млн теңгелік ғимарат сыйға тарттым» деп жазды. Тергеу анықтағандай, мұндай ғимарат ешқашан болмаған.

29 қарашада, аукционнан екі күн өткен соң, Перизат Қайрат Дубайға ұшып кетеді.
Қайырымдылық есебінен түскен қаражатпен ол қонақүйде тұрып, сауда бутиктері мен мейрамханаларға 1 млн 897 мың теңге жұмсаған.

Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Арман Қызікен бұл деректі растады.

– Барлық төлемдер банк арқылы жасалған, яғни іздері анық сақталған, – деді ол.

Қайырымдылық қаржысы мен сән-салтанат

Жаңа жылды Перизат анасы Ғайни Алашбаевамен бірге Дубайда қарсы алған. Тергеу барысында анықталғандай, анасының есепшотына да қайырымдылық қаражатынан аударымдар тұрақты түрде түсіп тұрған.

2022 жылдың қаңтарына дейін ұшақ билеттеріне, такси мен мейрамханаларға шамамен 1,5 млн теңге жұмсалған.

 Перизат Кайрат
Видеодан алынған скрин

Осылайша, қайырымдылық ретінде жиналған қаражат заңсыз жолмен иемденіліп, 21 млн 600 мың теңге пайда келтірген.

Тергеуші Ердәулет Жақып бұл туралы былай деді:

– Перизат пен анасының заңды табыс көзі болмаған. Олардың атына тіркелген автокөліктер мен пәтерлердің ақшасы дәл осы қор есебінен алынған. Перизат анасының есепшотын пайдаланып, түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып отырған, – деді ол.

Қоғам алдындағы бедел жеке бизнеске айналған

2022-2023 жылдары Перизат Кайрат өз беделін пайдаланып, түрлі компаниялар мен банктерге «балаларға көмек» ұранымен ресми хаттар жолдаған. Сол арқылы ол 105 млн теңге жинаған.

Бірақ бұл ақшаның едәуір бөлігі жеке шығындарға жұмсалғаны анықталды. Тіпті 3 млн 290 мың теңге стоматологиялық емге, тағы бірнеше миллион сәндік бұйымдар мен саяхатқа кеткен.

Анасы сол жылы 37 млн теңге көлемінде өз шотына ақша алған.

Жалпы 2022 жылдың қорытындысы бойынша екеуінің заңсыз табысы 126 млн теңгеден асқан.

Старший помощник прокурора города Астана Арман Кизикен
Видеодан алынған скрин

– Көптеген азамат өз еркімен ақша аударғанын айтып, сотқа қатысудан бас тартты. Бірақ біз олардың шын мәнінде алданғанын, ақша жалған қайырымдылық арқылы жиналғанын дәлелдедік. Бұл қаржы Перизат Қайраттың сәнді өмір салтын қаржыландырған, – деді прокурор Арман Қызікен.

Жалған өмірбаян мен шындыққа жанаспайтын мәліметтер

Перизат Қайрат өзін Ноттингем университетінің түлегі, кейін Кембридж студенті деп таныстырған.

Алайда сотқа ұсынылған ресми құжаттар бойынша, ол 2006 жылы Ақтау қаласындағы өнер колледжіне түсіп, тек бірінші курсты ғана аяқтаған.

Перизат Кайрат
Видеодан алынған скрин

Ол шетелдік компанияларда жұмыс істегенін, тіпті БАӘ-де ет өнімдерін экспорттайтын отбасылық бизнесі барын айтқан. Бірақ бұл деректер де жалған болып шықты.

Қайырымдылық саласында бұрын-соңды болмаған көлемдегі алаяқтық дерегі қоғамды дүр сілкіндірді.

Перизат Қайрат ісі бойынша тергеу материалдары 109 том болды.

Бұл жағдай еліміздегі қайырымдылық саласын құқықтық тұрғыдан реттеу қажеттігін, сондай-ақ азаматтық белсенділік пен сенімге сүйенетін ұйымдардың жауапкершілігін күшейту қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті.

Соңғы жаңалықтар